Раулиан Пайва - Жұмағұлов үшін алғашқы сынақ
Қазақстандық файтер Жалғас Жұмағұлов (13-3) 12 шілдеде UFC-дегі дебюттік кездесуін өткізеді, деп жазады Prosports.kz.
Underdog спорт агенттігі Жұмағұловтың қарсыласы - Раулиан Пайваға (19-3) арналған бейнеролик жариялады.
24 жастағы бразилиялық файтер MMA-дағы мансабын 2013 жылдың қазан айында Бразилиядағы жергілікті турнирлердің бірінде бастады. Келесі бірнеше жыл ішінде, Пайва жергілікті промоушендарда өнер көрсетіп жүрді, 2017 жылы оған жарсы ұйымдастырушыларының назары ауа бастады.
2018 жылдың сәуірінде Раулиан UFC президенті Дана Уайттың турнирінде жеңіске жеткеннен кейін америкалық промоушнмен келісімшарт жасасты. Пайва UFC-дегі тұңғыш жекпе-жегін өткен жылдың ақпан айында өткізіп, жеңіліп қалды. Екінші жекпе-жекте де ол үшін сәтсіз аяқталды. Тек биыл ақпан айында өткен UFC Fight Night 167 турнирінде қарсыласын нокаутқа жіберіп, UFC-дегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді.
Айта кетейік, Жалғас Жұмағұлов 12 шілдеде UFC 251 турнирінде өнер көрсетеді. Жұмағұлов аталған кеште 24 жастағы бразилиялық файтер Раулиан Пайвамен жұдырықтасады. Жұмағұлов-Пайва жекпе-жегі Нұр-Сұлтан уақытымен 05:00-де өтеді. Жекпе-жек кешін Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.
Бұл кештің басты жекпе-жегінде жартылай орта салмақта UFC чемпионы Камару Усман мен Гилберто Бернс жұдырықтасады. Бұдан бөлек негізгі жекпе-жектер қатарында Александр Волкановски - Макс Холлоуэй және Пётр Ян - Жозе Альдо кездесулері бар.