Головкин - Альварес жекпе-жегі екінші орта салмақта өтуі мүмкін

Бокс туралы жазатын Boxing Life твиттер парақшасы Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасындағы жекпе-жекке қатысты болжам жасады, деп жазады Prosports.kz.
Басылым мәліметінше, мексикалық боксшының командасы үшінші жекпе-жекте Головкин үшін қолайсыз талаптар қойып, қысым жасауы мүмкін.
- «Канелоның» командасының мүмкідігі жоғары. Сондықтан олар Головкинді супер орта салмақта (екінші орта салмақ) жұдырықтасуға шақыруы ғажап емес. Сонымен қатар DAZN да үшінші жекпе-жекті тезірек ұйымдастыруға қысым жасайды. Өйткені оларды Головкиннің жасы ұлғайып бара жатқаны алаңдатады, - деп жазады Boxing Life.
Ал бұған дейін промоутер Эдди Херн Головкин мен «Канело» арасындағы үшінші жекпе-жектің желтоқсан айында өтуі мүмкін екенін айтқан болатын.
Айта кетейік, «Канело» мен GGG арасындағы алғашқы жекпе-жек 2017 жылдың қыркүйегінде Лас-Вегаста өтті. Ол кезде тең нәтиже тіркелді. Қос қарсылас араға тура бір жыл салып қайта кездескен. Ол жолы мексикалық төрешілердің шешімімен жеңіске жетті.