Қуат: Деспотович бейімделуге көмектесемін деп уәде берді
Қысқы трансферлік кезеңде алматылық «Қайраттан» «Оренбургке» ауысқан қазақстандық жартылай қорғаушы Исламбек Қуат жаңа командада болған алғашқы күндері туралы айтты, деп хабарлайды Prosports.kz.
«Мен командаға рахмет айтқым келеді, жігіттер жақсы қабылдады, жаттықтырушылар құрамымен де сөйлестім. Олар бізге жұмыс жасау, жаттығуда, ойында өзімізді көрсету, тек алға ұмтылу керектігін айтты. «Оренбургке» қалай ауыстыңыз дейсіз бе? Мен өзімді басқа чемпионатта сынап көргім келді, бұл клуб маған қызығушылық танытып, қоңырау шалды. Бірден келістім. Орынбор - Қазақстанға жақын қала, біздің алғашқы астанамыз, қазақтарға ыстық жер.
Мен осы клубқа келгеніме өте қуаныштымын. Мен клубтың жоғары өрлеуіне көмектесуге тырысамын, алаңда бар күшімді саламын. Джордже Деспотовичпен 2015 жылы «Қайратта» бірге ойнадық. Жақсы жігіт, ол бейімделуіме көмектесетінін айтты», - деді футболшы Оренбург клубының Youtube каналына берген сұхбатында.
Еске салсақ, Исламбек Қуат 2014 жылдан 2019 жылға дейін «Қайраттың» сапында ойнады.
Қуат сонымен қатар, Қазақстан құрамасында 31 матч өткізіп, 4 гол соқты.