Нағи Бақытбеков: ҚФФ жұлдыздарға ақша төлемейді

Нағи Бақытбеков: ҚФФ жұлдыздарға ақша төлемейді
news-banner7
mobile-news-top

Қазақстан футбол федерациясы Маркетинг және PR қызметі департаментінің директоры Нағи Бақытбеков Prosports.kz тілшісіне берген сұхбатында құрама матчтарына келіп жүрген жанкүйерлер саны, «бренд-амбассадор» атанған отандық жұлдыздар жайлы айтып берді.

- Нағи, кез келген спорт түрінің көркі жанкүйерлер екені анық. Ал футболды тіпті онсыз елестету мүмкін емес. 2019 жылы ҚФФ жанкүйерлермен қандай бағытта және қандай жұмыстар жүргізді? Стадионға келген көрерменнің саны артты ма, әлде керісінше кеміді ме?

- Әрине, футболды жанкүйерлер үшін ойнатынымыз анық. Бұл бағытта біраз іс атқарылды. Жанкүйерлердің стадионда емін-еркін кіріп, отыруын, билет бағаларын қалтаның көтеруін де ойластырдық. Ал стадионға келген көрерменнің саны едәуір артты. Мәселен Еуропа чемпионатына іріктеу кампаниясы кезінде өз алаңымызда 5 ойын өткіздік, әр матчқа орта сеппен 22889 адам келген (Қазақстан - Шотландия матчы (27641), Қазақстан - Ресей (29582), Қазақстан - Сан-Марино (18652), Қазақстан - Кипр (11769) және Қазақстан - Бельгия (26801).

- 2018 жылдан бастап «Бренд-амбассадорлар» жобасы қолға алынды. Бұл алдағы уақытта жалғасын таба ма және құрамында қандай өзгерістер болуы мүмкін?

- 2018 жылы УЕФА Ұлттар лигасы турнирі қарсаңында басталған аталмыш жоба өткен жылы да жалғасты. Құрамы да біршама өзгерді. Алдыңғы жылы олардың саны 11 адам болса, 2019 жылы 9-ы қалды, атап айтар болсақ, Мейрамбек Бесбаев, Нұрлан Қоянбаев, Ерке Есмахан, Әсел Садуақасова, Луина, Нұржан Керменбаев, Гүлназ Жоланова, Марат Оралғазин, Айқын Төлепберген сынды өнерде, шоу-бизнесте жүрген, әлеуметтік желілерде жазылушылары көп, жалпы елге танымал қыз-жігіттер Қазақстан футболының шашбауын көтеруден шаршаған жоқ. Олардың жетістіктері жоқ емес. Қолдау, жарнамалау жағын өз деңгейлерінде атқарып жүр. Бұл туралы біраз жерде айтып жүрміз. Алдағы уақытта да осынау жобаны жалғастыру туралы басшылықпен келісіп жатқан жайымыз бар.

- Сонда бұл адамдарға ақша төлейсіздер ме, әлде сыйақы тағайындала ма? Көпшілік осыны білгісі келеді...

- Баспасөз беттерінде, әртүрлі әлеуметтік желілерде бұл туралы алыпқашпа әңгімелердің көп айтылғанын көзіміз көріп жүр. Сіз айтқандай ешқандай сыйақы ештеңе төленбейді, олар тегін жұмыс істеп жүр. Тек жол шығыны, орналасу жағына ғана қаражат жұмсаймыз. Бренд-амбассадорлар арқылы біз Қазақстан ұлттық құрамасын жарнамалап, өзіміздің де оқырмандарымызды көбейтіп жүрген жайымыз бар.

- Журналистер кейде федерацияға реніштерін білдіріп жатады. Айтпағым, бұрындары БАҚ өкілдерін түздегі ойындарға жиі алып баратынсыздар, қазір ол дәстүр неге тоқтап қалды?

- Өткен жылы ұлттық құрама ойындарын көрсететін Qazsport телеарнасының тілшілері мен операторларын алып жүрдік. Шетелде өкілдіктері бар «Хабар» сынды телеарналар мен басқа да ақпарат агенттіктерінің тілшілеріне шетелдегі ойындардың баспасөз мәслихатына және матчтарға қатысуға көмектесеміз. Өз алаңымыздағы ойындарға қанша орын бөлінеді, еш кедергісіз журналистерді кіргізіп жүрміз. Кей кезде сыймай қалып жатады, дегенмен максималды түрде көмегімізді аямаймыз.

- Наурыз айында Қазақстан құрамасы Алматыда жолдастық кездесу өткізуді жоспарлап отыр. Осыған байланысты қанда іс-шаралар ұйымдастырылмақ?

- 23-30 наурыз аралығында Қазақстан ұлттық құрамасы Талғардағы оқу-жаттығу базасында жаттығу жиындарын өткізеді. 27 және 30 наурызда екі жолдастық кездесу өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Әзірге 30 наурыздағы қарсыласымыз ғана белгілі, ол – Армения құрамасы. Екінші қарсыласымыз жуырда белгілі болады. Барлық алматылықтарды осы матчтарға шақырамыз. Жанкүйерлерді шақыру, жарнама жағын ұйымдастырамыз. 2017 жылдан бері оңтүстік астанада ұлттық құраманың ойындары өткен жоқ. Жанкүйерлер, жалпы қала жұртшылығы мұндай деңгейдегі матчтарды сағынғаны анық, сұрап та, айтып та жүр. Билеттер бағасы, қандай іс шаралар ұйымдастырылады, мұның бәрі алдағы уақытта федерация сайтында жария етіледі.

Түпнұсқасы: Prosports.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер