Спорт жаңалықтары
Бокс

Мадияр Әшкеев: Головкиннің Деревянченконы жеңгені сөзсіз

Мадияр Әшкеев: Головкиннің Деревянченконы жеңгені сөзсіз
news-banner7
mobile-news-top

Бірінші орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық кәсіпқой боксшы Мадияр Әшкеев (13-0 6 КО) Prosports.kz сайтына сұхбат берді. Бұл сұхбатта боксшы алдағы жоспарларымен бөлісіп, қазақ боксының болашағы жайлы айтты. Сонымен қатар Геннадий Головкин мен Қанат Исламның соңғы жекпе-жектері жайлы өз ойымен бөлісті.

- Елге қош келдіңіз, Мадияр. Ел-жұрт қалай қарсы алды?

Бауырларым, жанкүйерлерім керемет қошамет көрсетіп, қазақи дәстүрмен күтіп алды. Қасиетті қара домбырамен ән шырқап, қадірлі астарымыз бауырсақ бен қымыздан дәм татқызды. Қатты қуанышты болдым…

- Соңғы жекпе-жегіңіз жайлы не айтасыз?

- Соңғы жекпе-жегімде аздап қобалжу болды. Себебі жекпе-жекке дейінгі 3 ай барысында 4 қарсылас ауысты.

Біріншісі кездесуден бас тартты. Екіншісі жарақат алып қалды. Ал үшіншісі 2 күн қалғанда жекпе-жекке шықпайтын болды. Сөйтіп, аргентиналық қарсыласты тапты. Ол өте көп жекпе-жек өткізген тәжрибелі боксшы екен. Бірақ оның бұрынғы кездесулерін қарауға уақыт болмады. Бұрынғы қарсыластарға дайындаған тактикаммен шаршы алаңға шықты. Бірақ сәтін салып жеңіске жеттім.

- Келесі жылға қандай жоспар құрып отырсыз?

17 желтоқсан АҚШ-қа жол тартам. Онда барған соң алдымен физикалық жаттығуларды бастаймын. Менеджерлермен сөйлесіп, қашан кіммен жекпе-жек өткізетінімді анықтағаннан кейін, нақты жаттығуға кірісетін боламын.

Өткен жекпе-жектерімде өзімді екі бағытта сынап көрдім. Шабуылды басты назарда ұстап жұдырықтасу және қашып жүріп жұдырықтасу тактикасын қатар пысықтадым. Он раундтық жекпе-жекке де дайын екенімді байқадым. Сол үшін де келесі жылы тек мықтылармен кездесемін деп айтып жүрмін.

Мадияр Әшкеев: Головкиннің Деревянченконы жеңгені сөзсіз

- Біздің білуімізше, АҚШ-та спарринг қарсыласқа ақша төленеді...

- Иә, ол солай. Мәселен мен чемпион болсам, өзгелер менімен тегін спаррингке шықпайды. Өйткені чемпион жекпе-жектерден ақша тауып отыр. Спаррингке шыққаны үшін ақша сұрайды. Оларға 300-500 доллар төлеуім керек болады. Төлеген ақшама сай ол менімен сегіз, он раунд жұдырықтасып береді.

Ал чемпион болмаған жағдайда ақша төлемейміз. Біз қайта бір-бірімізден тәжірибе алу үшін тегін төбелесіп жүрміз. Мен кейде чемпиондардың өзімен тегін спаринг өткізіп жүрмін. Қазір маған ақшадан гөрі тәжірибе жинау маңыздырақ.

Ал біздің елде бұндай мүмкіндік мүлде жоқ. Бұнда бәрі әуесқой боксшылар. Үш раунд ғана жұдырықтасады. Кәсіпқой бокста бұл жеткіліксіз, кемі он раунд өнер көрсете білуің керек. Жақында өткен Қанат Ислам ағамыздың жекпе-жегінде осы жағдай байқалды. Қарсыласымен деңгейлес спарниг серіктесі болмағандықтан, Қанат Ислам дайын болмай шықты. Сол үшін де біз АҚШ-та жүрміз.

- Қазіргі бапкеріңіз кім?

- Қазірше Жулиян есімді филипиндік бапкермен дайындалып жүрмін. Ал физикалық тұрғыдан екінші бір бапкер дайындауда. АҚШ-та әр саланы өз маманы жүргізеді. Тактиканы бір бапкер, физиканы екінші бір бапкер қарастырады. Бірақ бұл екеуі де ресми бапкерім емес. Әлі нақты шешім қабылдамадым.

Головкинмен кездесер алдында Сергей Деревянченкомен үш апта спарринг серіктес болдым. Соның бапкері көңілімнен шығып жүр. Өте тәжірибелі маман. Джейкобспен жұмыс істеген. Сол бапкермен сөйлесіп көруді жоспарлап жүрміз. Оның үстіне Сергеймен спарринг барысында бапкердің көңілінен шыққан секілдімін. Мені қол астына өзі шақырды. «Менде бес-алты ай дайындалсаң, келесі жылы чемпиондық жекпе-жек өткізетініңе 100% кепілдік беремін» деді. Бірақ олар Нью -Йоркте тұрады, маған ол жақтың климаты ұнамайды. Бапкерді өзім тұрып жатқан Лос-Анджелес жаққа шақырғым келеді.

Мені таңғалдырғаны, спарринг кезінде Сергейден сәл басым болдым. Сол кезде Головкин әрі кетсе алтыншы, жетінші раундтарда жеңіске жетер деп межелеген едім. Бірақ нәтиже қалай болғанын бәріміз білеміз. Осыдан-ақ, бапкердің тактикасының мықты екенін білуге болады. Жекпе-жекте өздерін жақсы қырынан көрсете алды.

- Сіздің ойыңызша осы жекпе-жекте кім жеңіске жетті?

- Бұл жерде ең маңыздысы Головкиннің есебінде бір нокдаун бар. Бұл 8:10 болып есептеледі. Сонда қалған раундтардың жартысы Головкиннің, жартысы Сергейдің пайдасына шешілді дегенде, 7:5 есебімен GGG жеңді деуге болады. Тіпті есеп 6:6 болған күннің өзінде де нокдаун болғаны үшін Головкиннің жеңіске жеткені әділ болды деп есептеймін. Бірақ Деревянченко да чемпионға қарсы керемет кездесу өткізді. Алда үлкен жекпе-жектер өткізуге мүмкіндік алды деуге болады.

- Өзіңіз айтып отырған Қанат Исламның соңғы жекпе-жегі жайлы ойыңыз қалай?

- Жекпе-жекті теледидардан көрдім. Қанат ағамыз соңғы раундтарда шаршап қалған секілді. Оның үстіне қолын жарақаттап алыпты. Бұндай жағдай менің басымда да болған. Бұны рингке шықпаған көп адам түсіне бермейді. Алғашқы раундтарда қолыңды сындырып алсаң, ауырып тұрған қолыңмен ұра алмайсың. Тіпті басыңа «енді не істеймін» дегендей уайым келіп, барлық тактика бұзылады. Сол себебті де Қанат ағамыз психикалық тұрғыда бәсеңдеп қалды. Соны байқап қалған қарсыласы кездесу соңына қарай тынбай шабуылдап, басым түскендей көрініс қалыптастырды. Кәсіпқой бокста басында емес, соңына қарай басым болған боксшы жеңіске жетеді. Қанат Исламның жеңісіне байланысты көп әңгіменің тууына да осы жағдай себеп болды.

Бұл жердегі басты қателік, жекпе-жекке шығар алдында қолды дұрыс орамаған секілді. Негізі қолды ораудың өзі үлкен мамандық. Сол үшін білікті маманды тарту керек еді. Осындай қателіктен менің де саусағым бір-екі рет сынып кеткен. Содан бері қолды орауға мұқият қараймын.

- Қанат Ислам бесінші раундтан кейін шаршап қалғандай көрінді.

- Бұның бәрі дайындыққа байланысты. Мен де жеке өзім дайындала аламын. Алайда физикалық тұрғыдан дайындайтын бапкермен бірге жаттығудың жөні бөлек. Ондай мамандар біздің елде қазірше жоқ. Қанат ағамызда да осы физикалық тұрғыда кемшілік болған болу керек. Тактикада, ұруда әңгіме жоқ. Бойда бар талант пен жастайынан қалыптасқан тәжірибе бойынша жұдырықтасып шықты. Тек жаттықтырушының кемшілігі байқалды. Бұл жерде бүкіл команданың қателігі бар секілді.

- Қанат Исламның жазда өткен бокс кешіне келдіңіз, осы жолы ұсыныс түспеді ме?

- «QAZAQ promotions» компаниясымен кішкене түсініспеушілік болып қалды, жаздағы жекпе-жек кезінде. Сол үшін осы жолы келмедім. Ұсыныс та түспеді, өзім де келгім келмеді. Қазақ боксшылары бір-бірімізді қолдау үшін жүреміз. Алайда маған деген қолдау болмағандықтан келмедім осы жолы. Алдыңғы жолы Қанат Ислам өзі ұсыныс жасағандықтан келген болатынмын.

- Эгис Климастың қол астында Мейірім Нұрсұлтанов екеуіңіз ғана қалыпсыз. Бұрындары үш-төрт қазақ боксшысы бар секілді еді?

- Мен 2015 жылы бардым. Кейін Асхат Уәлихановты, Сағдат Рахманқұловты, Мейірім Нұрсұлтановты тарттым. Қанат Ислам да болды. Эгистің қасына ертерек барғандықтан ол екеміз жақсы қарым-қатынастамыз. Арамызда қағаз жүзінде келісімшарт та жоқ. Тек қол алысқан ауызша келісім жүзінде жұмыс істеп жүрміз. Кейін жігіттерді шақырғанда «Мені ұятқа қалдырмаңдар, кейін үлкен ақшаға жеткен кезде сөзден тайып кету болмасын. Өйткені бізден кейін де қазақ боксшылары келеді, солардың жолын жаппайық» деп ескерттім.

Жігіттермен келісімде Эгис «Рейтингілік кездесулерде жеңілген жағдайда қол алысып, өз жолымызға кетеміз. Себебі одан кейін жалғасты жұмыс жасауға менде уақыт мүлде тапшы» деп ескертті. Кейін Асхат пен Сағдат бір-бір жекпе-жектен жеңілген соң басқа менеджерлерге кетті. Мейірім екеміз әлі Эгиспен жұмыс істеп жатырмыз. Ал Қанат Ислам ағамыз екеуінің арасында не жағдай болғанынан хабарым жоқ.

- АҚШ-та жүрген қазақ боксшылары аз емес. Бокс әлемінің қазақстандық боксшылар жайлы көзқарасы қалай?

- Қазақстан боксы дегенде сөзсіз ең алдымен Геннадий Голвкиннің аты аталады. Қазақстан боксысын барынша танытып жүр. Сол үшін де Генаға алғыс айтамыз. Қазір ол жақта боксшыларымыз көбейіп келеді. Олимпиада чемпиондары жүр. Біз де Головкин салған сара жолды жалғастыруымыз керек. Кәсіпқой бокс әлемін мексикалықтар «жаулап алған». Болашақта қазақ боксшылары соларға басты бәсекелес болуы керек деп есептеймін.

- Осы қазақ боксшыларының арасында чемпиондық атаққа кім ең жақын деп ойлайсыз?

- Бұл енді кімге осы бақтың бұйыруына байланысты. Кім рейтингте жоғары көтеріліп, аймақтық белдіктерге иелік етсе, әлемдік титулдарға таласуға мүмкіндік алады. Қазір Нұрсұлтанов та, Әлімханұлы да, Елеусінов те жақсы жоғарылап келеді. Айдос Ербосынұлы мен Нұрсұлтан Жаңабаев та рейтингте үздік ондықта тұр. Аймақтық, құрлықтық белдіктерді жеңіп алды. Осы жігіттерде мүмкіндік мол. Бірақ асығыстық жасамағаны жөн. Әр салмақтағы чемпиондар өте мықты, чемпиондық жекпе-жекке үлкен дайындықпен бару керек.

- Чемпиондық жекпе-жек өткізудің жолы неде?

- Ең маңыздысы қаржыға байланысты. Мықты демеуші, мықты жарнама болса, чмепиондық жекпе-жектің де ауылы жақындайды. Боксшыға ақша салып, елге таныту керек. Кәсіпқой бокстағы басты шарт: ең алдымен халық тануы керек. Содан кейін DAZN секілді ірі телевидениялық алпауыттардың көзіне түсуің керек. Олар сені байқау үшін жарнамаң жақсы болуы қажет. Боксшы талантты болса, менеджері мен промоутері мықты болса, чемпиондық жекпе-жекке шығу да оңайырақ болады.

- Демеушің, қолдаушың бар ма?

- Төрт жыл бойы өз күшіммен жұдырықтасып келдім. Промоутеріміз жекпе-жектер ұйымдастырып беріп отырды. Ал біз қасымыздағы жігіттермен бірге, өзара демеу болып АҚШ-та тұрып келдік. Соңғы кездері Қайрат Таңатарұлы деген ағам қолдау көрсетіп жүр. Сүт өнімдерін шығаратын «Лактис» деген компанияның иесі. Келісімшарт негізінде немесе жарнама үшін емес, таза ағалық көмек көрсетуде. Жүріп-тұруымызға, үй жалдауымызға қолдау көрсетіп келеді. Үлкен адамгершілік танытып отырған осы ағамызға алғыс айтамын.

- Қазақстанда бокстасқан боксшылар 8-10 мың доллар аламыз дейді. Сіздер АҚШ-та қанша гонорар аласыздар?

- Қазақстанда жұдырықтасқан боксшылардың 8-10 мың доллар алатынына күмәнім бар. Өзім де елімізде өнер көрсеттім. Ол кезде тіпті тегін жұдырықтастым деуге де болады. Жаңа айтып отырған «QAZAQ promotions»-мен арадағы түсініспеушілік те осы қаржыға байланысты туған еді.

Ал АҚШ-та 7-8 мың доллар аламыз. Бұл екі айлық жатын орынымыз бен тамағымызға кетеді. Сол үшін төрт-бес ай сайын кездесу өткізіп тұруға тура келеді. Тек әлем чемпионы болғанда немесе сондай үлкен жекпе-жек өткізгенде ғана мол гонорар алуға мүмкіндік бар.

- Жекпе-жектен алған 8 мың доллардың қаншасы салыққа кетеді?

- Мәселен он раундтық жекпе-жекке 8500 долларға келісімшарт жасассақ, бұның 10%-ы жаттықтырушыға , 2%-ы рингте тұрған катменге, 3%-ы физикалық жаттықтырушыға кетеді. Егер бір жылда төрт-бес кездесу өткіздік деп есептесек, жыл соңында алған жалпы сыйақыңның 30%-ын салыққа төлейсің. Сонда салықтың өзі бір жылда 6-7 мың доллар шығады.

- Қазақстандық боксшылар арасынан өз ойыңдағы бес үздік боксшыны атап берсең.

- Барлығы әлемдік рейтингке байланысты ғой. Ең мықтымыз сөзсіз Головикн, сосын Қанат Ислам, Батыр Жүкембаевтар тұр рейтингте. Садриддин Ахмедов пен Али Ахмедов бар, Нұрсұлтан мен Айдос бар. Данияды да айтуға болады.

- Әңгімеңізге рақмет!

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер