Бокс

Нұртас Әжбенов: Келесі жылы титулдық жекпе-жек өткіземін

Нұртас Әжбенов: Келесі жылы титулдық жекпе-жек өткіземін
news-banner7
mobile-news-top

Кәсіпқой боксшы Нұртас Әжбенов (7-0, 3КО) алда өтетін жекпе-жегі туралы, Қазақстандағы кәсіпқой бокстың деңгейі жайлы Prosports.kz тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.

— Нұртас, әйгілі британиялық MTK-Global қатарына (Жанқош Тұраров, Виктор Коточигов, Сұлтан Зәуірбек жұмыс жасайды) қалай қосылдыңыз?

— Бұл менеджерлік компаниямен өткен жылы келісімшартқа отырдым. Жекпе-жектерімді көрген осы компания менеджері Майк Алтамура қызығушылық танытып, мені шақырған болатын. Осылайша, елордада өткен келіссөздерден кейін M-Global қатарына қосылдым. Аталмыш компанияның ұйымдастыруымен өткен жеті жекпе-жекте де жеңіске жеттім.

— Соңғы жекпе-жегіңізде уақытынан бұрын жеңіске жеттіңіз. Аталмыш кездесуге қалай дайындалдыңыз?

— Екі ай бойы Ақтөбе қаласында дайындық өтті. Білікті бапкер Дархан Ізбасаровтың жетекшілігімен жаттықтым. Соңғы жекпе-жегіме бірнеше күн қалғанда қарсыласым ауысып кеткен болатын. Сондықтан да қандай оппонент тап болатынын білмедім.

— Алға қойған жоспарларыңыз туралы айтып өтсеңіз...

— Жоспар өте көп. Жыл соңына дейін тағы бір жекпе-жек өткізу ойда бар. Қазір компаниямыз келіссөздер жүргізіп жатыр. Бокс кеші Лондонда немесе Алматыда өтуі мүмкін. Дәл уақыты мен өтетін орны бірнеше күннен кейін белгілі болады. Келесі жылы титулды жекпе-жек өткізуді жоспарлап отырмын.

— Алдағы жекпе-жекке дайындық қайда өтпек?

— Англияда Анхель Фернандестің жетекшілігімен дайындаламын.

— Өзіңіз туралы айтсаңыз, боксқа қалай келдіңіз?

— Ақтөбе облысының Қандыағаш деген қаласынанмын. Боксқа 9 жасымда келгенмін. 2008 жылы облыстық жарыстарда жеңіске жеттім. Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері атандым, 300-дей жекпе-жек өткіздім. Әрине, Олимпиада чемпионы болғым келген. Алайда біздің құрамада бәсекелестік өте жоғары.

— Әуесқой бокстан кәсіпқой боксқа ауысуға не себеп болды?

— Алматыда өткен турнирде өзбекстандық қарсыласымды жеңген кейін маған көптеген промоутерлік компаниядан ұсыныс келе бастады. Оның үстіне, кәсіпқой рингте танылуға, жақсы ақша табуға мүмкіндік көп.

— Құпия болмаса, бір жекпе-жектен қанша ақша аласыздар?

— Келісімшарт бойынша қанша ақша алатынымды айта алмаймын. Алайда отбасымды асырауға жетеді (күліп).

— Қазақстандағы кәсіпқой бокстың деңгейі қандай?

— Жалпы елімізде бокс саласы мықты дамыған. Қазақстанда қарсыластарын жайпап келе жатқан небір-небір боксшылар шығып жатыр. Кәсіпқой бокс та қарыштап дамуда. Бұйыртса, бес-он жылдан кейін әлемдік деңгейге жетеміз деп ойлаймын.

— Жас боксшыларға қандай кеңестер бере аласыз...

— Көп еңбек ету керек. Алдыға мақсат қоя алса, өз-өздеріне сене білсе, неге рингте жеңіске жетпеске?!

Нұртас Әжбенов әлемдік рейтингте жоғарылады

Түпнұсқасы: Prosports.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер