Головкиннің промоутері: Геннадий келер жылдың басында шаршы алаңға оралады
Геннадий Головкиннің промоутері Том Леффлер қазақстандық боксшының шаршы алаңға қашан оралатынын айтты, деп хабарлайды Prosports.kz.
«Енді DAZN стримингтік қызметімен келіссөз жүргізуіміз қажет, - деді Леффлер Boxingnews24 порталына берген сұхбат барысында. – Біз DAZN қызметінің нені қалайтынын білуіміз керек. Бір нәрсе айқын – енді Головкин титулын қорғауға міндетті. IBF пен IBO ұйымдарындағылардың ойында не бар екен, ол да маңызды. Менің білуімше, Головкин келесі жылдың басында рингке оралғысы келеді.
Альвареске қатысты не айтуға болады? Ковалев екеуінің арасындағы жекпе-жек тамаша болайын деп тұр. Біз «Канеломен» үшінші кездесу өткізгіміз келеді, оны DAZN қызметімен талқылаймыз, одан кейін барып Геннадимен оның болашағытуралы жоспар құрамыз», - деп қорытындылады Леффлер.