Ғалымбек Кенжебаев: Боксшылардың басты міндеті - лицензиялық турнирде топ жару

Ғалымбек Кенжебаев: Боксшылардың басты міндеті - лицензиялық турнирде топ жару

Бокстан Қазақстан командасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев Olympic.kz сайтына сұхбат беріп, Екатеринбургтегі әлем біріншілігін қорытындылады. Сондай-ақ, келесі жылдың басына жоспарланған Олимпиадаға іріктеу турнирі туралы сөз қозғады. 

"Ресейдегі әлем чемпионаты толығымен көңілден шықты деуге болмайды. Егер бәріне көңіл толатын болса, әрі қарай жұмыс істеуге ешкімнің зауқы соқпайды. Сол себепті, қателіктерді әлі де жөндеу қажет. 

Әлем чемпионатында Бекзат Нұрдәулетовтің алтын алғанын бәріңіз көрдіңіздер. Тәжірибесі аздау, бірақ, өте мінезді жігіт. Әлем біріншілігінде тәжірибе жетпеген жерлерін мінезбен, жеңіске деген жігермен алып шықты. Бекзатқа да алтын алған сәтті ұмытып, алдағы бәсекелерге дайындалу қажет. Нұрдәулетов бірнеше жыл бойы жеңілмей жүрген Хулио Сезар Ла Крузды ұтты. Кейін кубалықтың айтқан әңгімелерін естідім. Жеңілген адамның сөзі көп болатыны рас. Көптен бері ұтылмаған адамның жеңілісті қабылдауы қиын. Бұл жерде бәріне жанкүйер куә. 

Алты боксшымыз жартылай финалға жетсе, 57 келідегі Қайрат Ерәлиев пен 63 келідегі Зәкір Сафиуллин медальсіз қалды. Бұл екі боксшы да болашақ әлем чемпиондарынан ұтылды. 

Жалпы алғанда, жігіттердің аяқ алысы жаман емес. Бірақ мұнымен тоқтауға болмайды. Алда бізді ең үлкен бәсеке – 2020 жылғы Токио Олимпиадасы күтіп тұр. Төртжылдық додасына іріктеу кезеңі келесі жылдың ақпанында басталады. Ал іріктеу айналымына қатысуға ұлттық құрамадағы кез келген боксшының мүмкіндігі бар. 

Кейбір салмақтарда бәсекелестік өсті. Сол 81 келіде Бек Нұрмағанбет Азия чемпионы атанса, Нұрдәулетов әлемді бағындырды. Бек бірнеше ай бойы жарақатына байланысты жаттығуға қатысқан жоқ. Енді барлығын алдағы турнирлер шешеді.

Биыл Спартакиада өтуіне байланысты Қазақстан чемпионаты болмайды. Бірақ бірнеше ірілі-ұсақты жарыстар бар. Сол сындарда боксшылардың әуселесін тағы байқаймыз. Уақыттың аз қалғанын ұмытпау керек", - деді бас бапкер.<br />

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или