ҚПЛ: Жаман үйді қонағы билей ме
31 тамыз күні Қазақстан премьер-лигасы 25-турының бес матчы өтті. Осыған орай, Prosports.kz тілшісі қызықты мәліметтерді назарларыңызға ұсынады.
Бүгінгі 5 ойынның үшеуінде ірі есеп тіркелді. Олар:
«Тараз» - «Тобыл» - 0:5
«Шахтер» - «Қайрат» - 0:4
«Атырау» - «Ертіс» - 0:3.
5 ойында 17 гол соғылды. Орта есеппен әр матчта 3,4 гол салынды.
17 голдың тоғызы легионерлердің еншісінде.
1 хет-трик тіркелді, оның авторы – Абат Айымбетов.
1 дубль тіркелді, Піл сүйегі жағалауынан келген Сенин Себай «Тараз» қақпасына екі гол соқты.
Бес матчта 21 сары қағаз көрсетілсе, «Атырау» қорғаушысы Виталий Устинов пен «Қайсар» қорғаушысы Владимир Марочкин тәртіпсіздіктері үшін алаңнан қуылды.
Бұл турда 1 пенальти ғана болды. Азат Нұрғалиев «Тараз» қақпасына 11 метрлік айып добын соқты.
Мергендер көшін «Қайрат» шабуылшысы Адеринсола Эсеола бастап тұр. Оның еншісінде 14 доп бар. Қазақстан құрамасының шабуылшысы Абат Айымбетов бүгінгі хет-тригінің арқасында екінші орыннан бір-ақ шықты. Марин Томасов («Астана»), Жоау («Ордабасы»), Барсегян («Қайсар») және Эппель («Қайрат») сынды жарау аттай жүйткіп жүрген жігіттер еншілеріне 11 голдан жазған.
Тараз екі ойын қатарынан 0:5 есебімен жеңілді. 25 тамыз күні өткен ҚПЛ-дың 24 турында «Астана» командасы тараздықтарды 5:0 есебімен жеңген болатын.
Осы турдан кейін 52 ұпай жинаған «Тобыл» жеке-дара көш бастады. Қостанайлық клубтан екі ұпай артта қалып келе жатқан «Қайрат» екінші орынға көтерілсе, шымкенттік «Ордабасы» «Астананы» басып озып, үздіктер қатарынан табылды. Еуропа лигасындағы жорығын жалғастырып жатқан нұрсұлтандықтар екі ойын кем өткізгендіктен 47 ұпаймен төртінші сатыда тұр. Анық аутсайдерлер «Атырау» мен «Ақтөбе» турнир соңында келе жатыр.