ЕЛ. «Астана» атой салды, БАТЭ-ге қазақ жері құт болмады

ЕЛ. «Астана» атой салды, БАТЭ-ге қазақ жері құт болмады
news-banner7
mobile-news-top

Елордалық «Астана» УЕФА Еуропа лигасының плэй-офф кезеңінде беларустік БАТЭ-ны ірі есеппен жеңді, деп хабарлайды Prosports.kz сайты.

Қазақстан және Беларусь чемпиондары еурокубоктағы жолдарын Чемпиондар лигасынан бастаған еді. Алайда, ЧФР алғашқы кезеңде-ақ «Астананы» аяқтан шалса, екінші кезеңде норвегиялық «Русенборг» БАТЭ-ны Еуропа лигасына жіберген еді. Елордалықтардың Еуропа лигасы плэй-офф кезеңіне дейінгі жолы оңай болды. Әуелі «Санта-Коломаны», кейін «Валлеттаны» тас-талқан етті. Ал өткен кезеңде Еуропа лигасына қосылған БАТЭ, Босния елінің чемпионы «Сараевоны» артта қалдырды.

«Астана Аренадағы» ойын бір сыдырғы басталды. Алаң иелері асыққан жоқ. Қонақтар қарсыластың қарқынын байқайын деді. Әйткенмен, Роман Григорчук шәкірттері алғашқы мүмкіндіктерін голға айналдырып кетті. Бір апта бойы беларустік басылымдар «Астананы» біраз зерттеп, жан-жақты материалдар жазған болатын. Григорчукты бір мақтады, бір даттады. Легионерлердің бәрін де зерттеп шықты. Рангело Янганы техникасы керемет футболшы деп өз-өздерін қорқытқандай болды. Бірақ, қазақстандық команданың осы маусымдағы үздік футболшысы Марин Томасовты тілге тиек етуді ұмытты. Хорватиялық шеберден БАТЭ футболшылары да сескенбесе керек. Әйтпесе, айып алаң алдында бұл азаматқа бос кеңістік беруге болмайтындығын осыған дейінгі матчтардан көріп жүрміз ғой. Марин әйгілі Роббеннің стилінде оң қапталдан ортаға ойысып барып, айып алаңға кірмей, алыс тоғыздыққа допты айналдыра бір-ақ тартты. Томасовтың бұл Еуропа лигасының соңғы үш матчындағы жетінші голы еді.

Хорватиялықтың голынан кейін де «Астана» қарқынды бәсеңдеткен жоқ. Гол соғатын Томасовта тағы да мүмкіндік болды. Иван Маевский де бағын сынап көрген, бірақ беларусь футболшысына дәлдік жетіспеді. Бірақ, дәлдікті Юрий Логвиненко танытты. Бірінші тайм аяқталар тұста Юрий, БАТЭ қорғанысының мазасын қашырған Мариннің пасынан кейін баспен сәтті ойнап, есепті еселеп кетті.

Екінші таймда да чемпиондарымыз БАТЭ-ның адымын аштырмады. 52-ші минутта Рунар Сигурьонссонға қарсы қарсылас қорғаушысы өз айып алаңында тәртіп бұзып алды. Украиналық төреші Сергей Бойко көп ойланбастан он бір метрлік белгіні нұсқады. Пенальтиді исландиялық футболшының өз сәтті орындады.

Матчтың аяғында дейін таблодағы есеп өзгермеді. Қонақтар бір доп соқпақ түгілі, тұшымды шабуыл да ұйымдастыра алмады. Қорытынды есеп - 3:0!

Қос команда арасындағы қарымта матча бір аптадан кейін Борисовта өтеді.

Еуропа лигасы-2019/20. Плэй-офф кезеңі. Бірінші матч

«Астана» - БАТЭ - 3:0(2:0)

Голдар: Марин Томасов 23, Юрий Логвиненко 44, Рунар Сигурьонссон 52(пенальтиден)

«Астана»: Ненад Эрич (К), Дмитрий Шомко, Лука Шимунович, Евгений Постников, Антонио Рукавина, Юрий Логвиненко, Иван Маевский, Рунар Мар Сигурьонссон, Фирмин Мубеле, Марин Томасов, Дорин Ротариу.

БАТЭ: Антон Чичкан, Захар Волков, Алексей Риос, Егор Филипенко, Александар Филипович, Дмитрий Бага, Евгений Березкин, Виллюм Тор Виллюмссон, Станислав Драгун, Эрвейн Мукам, Максим Скавыш.

Төреші: Сергей Бойко(Украина)

22 тамыз. Нұр-Сұлтан. «Астана Арена»

Түпнұсқасы: prosports.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер