«Астана» Чемпиондар лигасымен қош айтысты

«Астана» Чемпиондар лигасымен қош айтысты
news-banner7
mobile-news-top

«Астана» Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңінде Румынияда «ЧФР Клужға» қарсы қарымта матч өткізіп, жеңіліп қалды, деп хабарлайды Prosports.kz сайты.

Нұр-Сұлтанда өткен алғашқы матчта Қазақстан чемпиондары минималды есеппен жеңіске жеткен еді – 1:0. Сондықтан елордалық клубқа Румынияда жеңіске жеткеннен бөлек, тең түссе не гол соға тұрып, бір гол айырмашылығымен жеңілсе жеткілікті еді.

Матч қонақтар үшін сәтті басталған. 4-минутта Роман Мұртазаев алыстан жойқын соққы жасап, «Астананы» алға шығарды.

Бірақ алаң иелері есепті жылдам теңестіріп тастады. Алты минуттан соң Бийель Омрани көзге түсті. Бірінші таймның ортасында Омрани «ЧФР-ды» алға шығарды. Командалар үзіліске кетер алдында румыниялықтар үшінші голын соққан, бірақ төреші бұл голды есептемеді.

Екінші таймда «ЧФР» алдыңғы шепте белсенді болып, Ненад Эрич қақпасына тағы бір гол соғуға тырысқан. 73-минутта діттегендеріне жетті – Абзал Бейсебековтің «пасынан» кейін Омрани хет-трик авторы атанды.

Румыниялықтар бұл голдан кейін де шабуылдарын тоқтатпады. «Астана» Чемпиондар лигасында қалу үшін соңғы минуттарда бар күшін салып, қарсыласты өз айып алаңына тықсырып тастай алмады. Соңғы секундтарда Ронгело Янга қақпадан бір метр жерде тұрып гол соға алмай қалды.

Қорытынды есеп – 3:1, Омрани өз командасын келесі кезеңге алып шықты. Ал «Астана» енді Еуропа лигасында өнер көрсетеді.

ЧФР (Клуж, Румыния) – «Астана» (Нұр-Сұлтан, Қазақстан) 3:1 (2:1)

Голдар: Мұртазаев 4 (0:1), Омрани 10 (1:1), Омрани 26 (2:1), Омрани 73 (3:1)

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер