русский язык

«Қара киімділер» қара басты

«Қара киімділер» қара басты
news-banner7
mobile-news-top

Биылғы маусым жанкүйерлерге нәтижесімен емес, төрелігімен есте қалатын секілді. Алғашқы төрт турда «қара киімділердің» жұмысына көңілі толмайтын көрермендердің қарасы бірден артты.

Кімді «сүйреп» келеді?

Ел біріншілігінің шымылдығын ашқан алғашқы турда төрешілердің төрелігінен қателік кетпеді дей аламыз. Тек Алматыда өткен «Қайрат» пен «Тараз» арасындағы матчта түсінбеушлік болды. 88-ші минутта қонақтар жылдам қарымта шабуылға шыққан. Бас төреші артта қалып қойғандықтан, шабуылды қапталдағы қазы бақылауға міндетті еді. Алайда ол да мұндай жылдам шабуылды күтпесе керек, доптың бағытын қарауға үлгермеді.

«Тараздың» ойыншысы Элгудж Лобжанидзе допқа икемделіп, тебуге ыңғайланған сәтте алматылық команданың қорғаушысы Елдос Ахметовтың оған кедергі келтіргенін көруге болады. Елдос қарсыласының артынан үлгермей келе жатқанын, екі қолымен Лобжанидзені құшақтай құлағаны анық.

4:13 минуттан бастап көріңіз*

Ал екінші турда біраз шу шықты. «Астана» – «Оқжетпес» матчының 64-ші минутында көкшелік команда бұрыштама добынан таразы басын теңестірген. Алайда матчтың бас төрешісі «Оқжетпестің» ойыншылары Ненад Эричтің допты ұстауына кедергі келтірді деген шешім шығарып, таза голды санамай қояды. Арада аз уақыт өткенде «Астананың» ойыншылары шабуылға шығады. «Оқжетпестің» қақпашысы Бабаханов допты тосып алу сәтінде қарсылас команданың ойыншысы Янгамен соқтығысып, құлап қалған. Алайда төреші матчты тоқтатпай, жалғастыруға рұқсат береді. Бос қақпаны Иван Маевский дәл көздеді. Бұдан соң «Оқжетпестің» бас бапкері Андрей Карпович:

«Әлі де болсын «Астанаға» қарсы матчта жеңілмедім деп есептеймін. Біздің таза соғылған голымызды тартып алды. Ал біздің қақпамызға гол соғылған кезде матч тоқтатылуы қажет еді», - деп қынжылысын білдірді.

«Оқжетпестің» саналмаған голы - 5:06

«Астананың» екінші голы - 7:23

Екінші тур тек мұнымен ғана тоқтап қалған жоқ. Шымкенттегі ойында «Ордабасының» шабуылшысы Алексей Щеткин қарсылас команданың қақпашысымен жеке дара шыққан. Алайда соңғы сәтте «Ақтөбенің» қақпашысы Рамиль Нурмухаметов шабуылшыны шалып жықты. Доп болса бағытын өзгертпей, алаң сыртына шығып кетті. Қақпашының допқа емес, қарсыласының аяғына тигені анық еді. Алайда төреші басқаша шешім қабылдады.

Арада жарты сағат өткенде бас төреші тағы бір қызық шешімімен көзге түсті. «Ордабасының» ойыншысы Мирзад Механович Рамиль Нурмухаметовпен допқа талас кезінде жерге құлап, орнынан бірден тұрған. Бірақ төреші оны өтірік құлады деп есептеп, екінші сары қағазын көрсетті.

Щеткин мен Нурмухаметовтің соқтығысып қалған сәті - 3:53;

Механовичтің құлаған сәті - 6:43

Қазақстан футбол федерациясы Prosports.kz сайтының төрешілер бассыздығы жөнінде жолдаған хатына былай деп жауап қатты:

«Сіздер жіберген бірнеше сәтті қарай отырып, ҚФФ Төрешілер комитетінің Төрелік-сараптамалық комиссиясы «Ордабасы» – «Ақтөбе», «Астана» – «Оқжетпес», «Ордабасы» – «Жетісу» және «Қайрат» – «Оқжетпес» матчтарында қазылық еткен төрешілерді жұмысынан уақытша шеттету туралы шешімге келді».

Демек, ҚФФ біз бен сіздің жағымызда. Сонда төрешілер «кімге» жұмыс істейді?

Түпнұсқасы: Prosports.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;