Кенжебаев: Олимпиадаға қатысу – әр боксшының арманы

Кенжебаев: Олимпиадаға қатысу – әр боксшының арманы

Жақында ғана бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметіне Ғалымбек Кенжебаев тағайындылған.

Prosports.kz тілшісі тәжірибелі маманмен сұқбаттасып, ұлттық құраманы биыл не күтіп тұрғанын білді.

– Ғалымбек аға, ұлттық құраманың бас бапкері қызметіне тағайындалуыңызбен құттықтаймыз! Алғашқы оқу-жаттығу жиыны қалай өтіп жатыр?

– Рақмет. Оқу-жаттығу жиыны бүгін басталды, кеше ғана базаға келген едік. Бапкерлік құрам, жеке бапкерлер, бәрі осында.

– Жиынға ұлттық құраманың барлық боксшылары келді ме?

– Әбілхан Аманқұл ғана келе алмады. Ол ауырып жатыр. Қазір Астанада жарақатынан айығуда. Қалған боксшылардың бәрі жиынға қатысып жатыр.

– Алдағы жарыстар туралы ақпарат бар ма?

– Алда бізді India Open турнирі күтіп тұр. 4-ші ақпан күні басталады. Сондай-ақ, ақпанның 5-де Венгрияда бір жарыс өтеді. Оған да қатысамыз.

– Жақында «Астана Арланс» жобасының жабылғаны белгілі болды. Ондағы боксшылар енді қайда өнер көрсетеді?

– Олар да әуесқой бокстан түрлі жарыстарға қатысады. Әрине, бұл жобаның жабылуы өте өкінішті. Себебі, ондағы боксшылар үшін бұл жақсы тәжірибе еді. «Арландардың» бұрынғы бас бапкері Нұрлан Ақүрпеков те ұлттық құраманың бапкерлік құрамына енді.

– Былтыр ұлттық құраманың тәжірибелі боксшылары Әділбек Ниязымбетов, Берік Әбдірахманов және Антон Пинчук үлкен спортпен қош айтысқан. Жаңа жылдан кейін бұл тізім толыққан жоқ па?

– Жоқ. Барлық боксшылар жиында. «Кәсіпқой боксқа ауысамын» деп те ешқайсысы айтқан жоқ. Бәрі еңбек етіп, алдағы турнирге дайындалуда.

– Кәсіпқой боксшылармен бірге жиын өткізу ойыңызда бар екен. Бұл жоспарыңызды қашан жүзеге асырасыз?

– Жоспарда бар. Бірақ қазіргі басты мақсат – Азия чемпионатына дайындық. Бұл жарыстың қайда өтетіні әзірге белгісіз, бірақ сәуір айында өтеді деп естідік. Бұл турнирде лицензия алып жатсақ, ары қарай әлем чемпионатына дайындық басталады. Бәлкім, осы екі жарыстың аралығында кәсіпқой боксшылармен бірге жиын өткіземіз. Әлі нақты ештеңе шешкен жоқпыз.

– Демек, командамен АҚШ-қа жол тартуыңыз мүмкін бе?

– Бұл міндетті түрде АҚШ болуы маңызды емес. Көреміз енді. Әзірге басты мақсат – Олимпиада ойындары. Дәлірек айтсақ, аталмыш дүбірлі додаға жолдама алу.

– Көптеген жанкүйерлерді боксшылардың Олимпиадаға қатыспау мәселесі алаңдатуда. Бұл туралы нақты шешім әлі шыққан жоқ па?

– Шешімді біз де күтіп отырмыз. Соған қарамастан, барлық жарыстар жоспар бойынша өтуде. Үндістан, Венгрия мен Финляндиядағы жарыс өз уақытында басталады. Азия чемпионаты да алыс емес. Бәрі жақсы болады деген үміттеміз. Олимпиада ойындарына қатысу – әр боксшының арманы.

– Бұл жағдай боксшыларға қаншалықты әсер етті?

– Әрине, бұл жағдай ешкімге ұнап жатқан жоқ. Бұрын біз нақты жарыстар кестесін білетінбіз. Қазір қай жарыс бар, соған дайындаламыз. Егерде өзгерістер болып жатса, дайындығымыз да өзгереді. Бапкердің мақсаты қандай жағдайда болмасын команданы жарысқа дайындау.

– Биылғы маусымның ең басты додасы – Сочидегі әлем чемпионаты ма?

– Әлем біріншілігін Екатеринбург қаласына ауыстырды. Бұл жарысқа тек жоғары мақсат қоямыз. Міндетті түрде жеңімпаз бен жүлдегерлер болады деген ойдамыз. Командамыз мықты. Әрқайсысынан жоғары нәтиже күтеміз.

 

– Әуесқой бокстан кәсіпқойға көшсек. Отандық боксшылардың өнерін бақылап жүрсіз бе?

– Мұқият бақылап жүрмін деп айта алмаймын. Иә, қазіргі таңда көп отандастарымыз кәсіпқой боксқа ауысуда, есесіне үлкен жекпе-жек өткізіп жатқандары шамалы. Мейірім Нұрсұлтанов, Батыр Жүкембаев, Мадияр Әшкеев сынды боксшыларымыздың Америкада жүргендеріне көп болды, бірақ ешқайсысы титулдық жекпе-жек өткізген жоқ. Әрине, бұған себеп олардың промоутерлері. Менің ойымша, біздің боксшылар мұндай кездесулерге дайын. Садриддин Ахмедов, Али Ахмедов сияқты жас боксшыларымыз да бар. Олардың бәрінен болашақта үлкен жеңістер күтеміз.

– Кезінде сіз көп жылдар бойы Геннадий Головкинді жаттықтырған едіңіз. Оған айтар кеңесіңіз бар ма?

– Қазір оған кеңес айта алмаймын – ол қасымда емес. Бұған қоса, Геннадийде не болып жатқанын білмеймін. Әрине, Головкин мансабын жалғастырып, бізді үлкен жеңістермен қуантады деген ойдамын. Чемпиондық титулдарың қайтаруына тілектеспін. Оның өз командасы, промоутерлік компаниясы бар. Гена дұрыс шешім қабылдайтынына сенімдімін.

– Головкин мен Альварес арасындағы екінші жекпе-жек көңілізден шықты ма?

– Төрелік әділетсіз болды. Головкин бұл жекпе-жекте жеңілген жоқ. Альварес те жақсы жұдырықтасты. Мұны мойындау керек. Жалпы, кездесу тартысты өрбіді. Неліктен трилогия ұйымдастырмасқа? Меніңше, қызық болар еді.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или