Валерий Попов: Жапондар – бізге алдырмайтын қарсыластардың бірі
Регбиден Қазақстан әйелдер командасы Азия ойындарында үздік үш команда қатарына енді. Қола медаль үшін өткен кездесуде біздің қыздар Таиландты жеңген болатын.
Дүбірлі дода аяқталған соң бас бапкер Валерий Попов Азия ойындарындағы маңызды сәттерді ортаға салды, деп хабарлайды Olympic.kz.
«Азия ойындарын үшінші орынмен аяқтадық. Бұдан да жақсы нәтиже көрсетуге болатын еді. Бірақ жапондардан аса алмаймыз. Өйткені, Жапония әлемдік рейтингте үздік ондықта тұрған команда. Әлем Кубогында Азия құрлығының намысын қорғап, жақсы нәтиже көрсетті. Сондықтан, жапондар бізге алдырмайтын қарсыластардың бірі. Одан бөлек, матч басталатын уақытты күтеміз деп, біраз қобалжыдық. Бұл психологиялық тұрғыдан ауырлау. Таңертең басталуы керек болған кездесуді аяқ астынан кешкі уақытқа ауыстырып тастады. Әрине, бұл біздің жеңілісімізге негізгі себеп бола алмайды. Ең бастысы – Таиландпен өткен матчта тез жиналып, жүлдегер атандық», - дейді бас бапкер.