«Барыс» жетекшілері жаңа маусымға дайындығы туралы айтып берді
Енді бір аптадан кейін елорданың «Барысы» үшін Құрлықтық хоккей лигасы басталады. Борис Иванищев пен бас бапкер Андрей Скабелка жаңа маусым алдында журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізіп, жаттығу жиындарын қорытындылап берді.
- Әлбетте, маусым алдындағы көрсеткіштерімізге көңіліміз толмайды. Дегенмен, команданың жаңадан жасақталып жатқанын да ескеруіміз керек. Жаңадан қосылған ойыншылар көп, жергілікті жастар да келіп жатты. Әйтпесе, жаттығу жиындарын ойдағыдай өткіздік. Жігіттерге көңілім толды. Тек алты кезең бойы шайба соға алмағанымыз өкінішті. Алда әлі уақыт бар. Құрлықтық хоккей лигасының алғашқы турына дейін төрт төрттік жасақтауға тырысамыз, - деді Андрей Скабелка.
Сондай-ақ, Андрей Владимирович «Барыстың» жаңа маусымда жылдам ойнайтындығына, қорғаныстан шабуылға жылдам шығуға тырысатындығына және агрессивті ойнайтындығына уәде етті. Ал біз бас бапкерден Талғат Жайлауов пен Дамир Рыспаевтың жағдайын сұрадық.
- Біз Талғатпен әу баста-ақ келіскенбіз. Бізбен бірге жаттығып, соңында шешімін өзі айтатын болып уағдаласқанбыз. Өйткені, бұрынғы жарақаттары әлі күнге мазалап жүрген. Бірақ, жаттығу жиындары барысында Талғат өте белсенді болды. Оның тәжірибесі мен шеберлігіне үлкен үміт арттым. Бірақ, жиын соңында Жайлауов өзі келіп, командада қала алмайтыны туралы ашық айтты. Бұл оның шешімі. Ал Дамир көптен бері командада болған жоқ. Сондықтан, оны уақытша «Номад» клубына жіберуді жөн көрдік. Ал тәжірибе жинақтаған соң «Барысқа» қайта аламыз, - деді бұл туралы Андрей Скабелка