Әлімханұлының АҚШ-тағы алғашқы жекпе-жегі өтетін уақыт анықталды
Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы (2-0, 1 КО) кәсіпқой боксқа біржола бет бұрғаннан кейінгі алғашқы жекпе-жегін қашан өткізетіні белгілі болды, деп жазады prosports.kz.
Бұл туралы боксшының баспасөз хатшысы Берік Сұлтан өзінің Facebook-дегі парақшасында мәлімдеді.
- Көптен күткен жаңалық! Жәнібек Әлімханұлының Америкадағы алғашқы жекпе-жегінің уақыты белгілі болды. Бұйыртса, кәсіпқой бокс жанкүйерлері қазақ бокс стилін 28 қыркүйек күні көреді. Жәнібек батыр тас түйін дайын! Қарсыласы жақында белгілі болады, - деп жазды Берік Сұлтан.
Естеріңізде болса, Жәнібек Әлімханұлы биыл маусым айында әлемге әйгілі промоутер Боб Аруммен келісімшартқа қол қойған болатын. 28 қыркүйек Оклендтегі (Калифорния штаты, АҚШ) бокс кешінде өтетін жекпе-жек Жәнібектің Боб Арум басқаратын Top Rank промоутерлік компаниясы қатарына қосылғаннан кейінгі АҚШ-тағы алғашқы жекпе-жегі болмақ.