ҚПЛ. 20-тур қалай аяқталды
Жексенбіде футболдан Қазақстан Премьер-лигасының 20-шы туры аясында үш матч өтті.
Алматылық «Қайрат» өз алаңында қостанайлық «Тобылды» қабылдады. Жанкүйерлер үзіліске дейін гол көре алмады. Матчтың 69-минутында алматылық жанкүйерлер қуанышқа бөленді. Исаэль қанжығасын майлап, алаң иелерін алға шығарды. Бұл матчтағы жалғыз гол болатын. Қорытынды есеп – 1:0.
Осылайша, «Қайрат» 47 ұпаймен екінші орында келеді. Олар «Астанадан» алты ұпайға қалып тұр, бірақ бір матч кем өткізген. Ал «Тобыл» 34 ұпаймен үшінші орында тұр.
Ал Павлодарда «Ертіс» пен қарағандылық «Шахтер» кездескен. Екі клубтың да жағдайы әлі мәз емес. Бұл жолы алаң иелері «кеншілерді» ұта алмады. Матчтың 56-минутында Родриго есеп ашқан. Алайда сегіз минуттан соң Дамир Кояшевич таразы басын теңестіріп кетті. Қорытынды есеп – 1:1.
«Ертіс» жеті матч бойы жеңіс дәмін тата алмай келеді. Премьер-лигадағы соңғы жеңісі мамырда «Ақжайыққа» қарсы кездесуде тіркелген. Ал «Шахтер» қатарынан алты матч бойы жеңіске жете алмай келеді.
20 турдан соң «Ертіс» 19 ұпаймен 9-шы сатыда тұр. Олардан бір ұпай кем жинаған «Шахтер» 8-ші орында келеді.
20-тур сенсациясыз өтпеді. Шымкентте «Ордабасы» талдықорғандық «Жетісуды» қабылдаған. Бұл ойында алаң иелері фаворит саналған болатын.
Алайда үзіліске дейін қонақтар екі гол салып тастады. Алдымен, 15-минутта Мантас Куклис есеп ашқан. 27-минутта Эдгар Малакян есепті еселеді. «Ордабасы» футболшылары екінші таймда Диакатенің көмегімен есеп айырмасын қысқартқан. Алайда таблодағы көрсеткішті теңестіре алмады. Қорытынды есеп – 1:2, «Жетісу» Шымкенттен үш ұпаймен қайтты.
Осылайша, «Ордабасы» 28 ұпаймен төртінші орында қалды. Ал «Жетісу» 25 ұпай еншілеп, бесінші орынға көтерілді.
Айта кетейік, кеше 20-турдың алғашқы матчы өткен болатын. «Қайсар» өз алаңында «Қызыл-Жар СК» командасын жеңсе, ел чемпионы «Астана» «Атыраудан» айласын асырған. Ал Оралда «Ақжайық» пен «Ақтөбе» тең тарқасты.