«Реал» бірнеше футболшыны «саудаға» қойды
Футболшылар арасында бүгінге дейін ТОП командалар расында әлі ешкім клуб ауыстырған жоқ. Бірақ командадан кетуі мүмкін болған ойыншылардың тізімі БАҚ беттерінде жарияланып жатыр.
Мысалы, Чемпиондар лигасының финалынан кейін «Реал Мадрид» командасынан бір емес бірнеше «жұлдыз» футболшы кетуі мүмкін. Олардың арасында шабуылшылар Карим Бензема мен Гарет Бэйл, жартылай қорғаушылар Матео Ковачич, Тони Кроос және қақпашы Кейлор Навас бар.
Гарет Бэйлге қазірдің өзінде «Манчестер Юнайтед», «Бавария» және бұрынғы клубы «Тоттенхэм» сатып алуға ниетті екендіктерін білдіруде. Тіпті «Тоттенхэм» Бэйлді Гарри Кейн немесе Деле Аллимен ауыстыруға дайын. Ал Тони Кроос Жозе Моуриньюның басты трансфері болмақ. Бұл туралы Independent басылымы хабарлады. Сондай-ақ Кроостың қызметіне «Манчестер Сити» клубы да қызығып отыр.
«Реал Мадрид» клубының президенті Флорентино Перес жазғы трансферде командадан кететін футболшылардың орнын Неймар, әлемнің сегізінші кереметіне бағаланып жатқан Мохамед Салах, гол соғудан шаршамайтын Гарри Кейн және Роберт Левандовскиді, тасқамал қорғаушы Марко Вератти мен қақпашы Давид Де Хеа және Алисон Беккерді сатып алуды көздеп отыр. Перес өзі қалаған футболшыны алмай қомайтынын ескерсек, келесі футбол маусымында «Сантьяго Бернабеу» стадионында жоғарыда аты аталған футболшыларды көріп қалуымыз мүмкін.