Бокс

Бақтияр Артаев: Головкин болсам, бірінші Деревянченкомен кездесер ем

Бақтияр Артаев: Головкин болсам, бірінші Деревянченкомен кездесер ем
news-banner7
mobile-news-top

Ақтөбеде жастар арасында бокстан ел чемпионаты басталып, оған құрметті қонақ ретінде 2004 жылғы Афина Олимпиадасының чемпионы, бүгінде «Astana Arlans» клубының жетекшісі Бақтияр Артаев шақырылған. Шара барысында Prosports.kz тілшісі Артаевтан шағын сұқбат алды.

– «Astana Arlans-ты» жартылай финалда британиялық «British Lionhearts» боксшылары күтіп тұр. Осы кездесу туралы бір ауыз айтып өтсеңіз.

– Қазіргі таңда құрамамыз толығымен іріктелді. С-1 де, С-2 де жасақталды. С-1 құрамымен 13 мамырда Ұлыбританияға ұшамыз. Әрине, оңай болмайды. Бұл команда өңкей әлем чемпионы, Еуропа чемпиондарымен жасақталған. Дегенмен, біздің командада да ұлттық құрама боксшылары бар. Сондықтан да, мүмкіндік – 50 де 50. Британия жеріндегі кездесу қызық әрі қиын болады. Бірақ біздің елімізге келгенде жігіттер намысын көрсетіп, жеңіске жетеміз деп ойлаймын. Алдағыны Алла біледі, әрине, бірақ финалдан үмітіміз зор.

– «Арландар» өз алаңындағы жекпе-жектерін еліміздің түрлі қалаларында қабылдап жүр. Келесі маусымда Ақтөбеде кездесу өткізуге мүмкіндік бар ма?

– Қай өңір болса да, бізде мүмкіндік бар. Ең бастысы, өңірдің спорт басшысы соған дайын болуы керек. Өйткені, мен қазір әр өңірдің спорт басшыларына сұраныс жасадым. Бізде нақты талаптар бар, соны қолдаймыз десе, кез келген жерде өткіземіз. Тіпті, кішкентай ауыл болса да. Маңыздысы, жекпе-жекті қабылдай алатын спорт кешені бар болсын. Өңір басшылары қолдау жасап, шақырып жатса, неге өткізбеске? Біз дайынбыз.

– Бүгінгі таңда елімізде көп боксшылар әуесқойдан кәсіпқойға көптеп ауысып жатыр. Бұл қазақ боксына пайдалы ма?

– Әрине, қазақ боксы үшін пайдалы. Өйткені, осы арқылы әлем қазақ боксын түбінен тани бастайды. Геннадий Головкиннің өзін алайық. Қанат Ислам мен Бейбіт Шүменов бар. Осы үш жігіттің арқасында Қазақстанды қазір экономикалық немесе жас мемлекет қана емес, спорт мемлекеті ретінде тани бастады. Қазір әлемнің қай жеріне барсаң да, осы үш жігіттің атын атасаң, танып жатады. Жас боксшыларымыз да ертең барған жерінен жеңіске жетіп жатса, нұр үстіне нұр ғой. Олар еліміздің танылуына үлкен үлес қосып жатыр.

– Шүменовты айтып қалдыңыз. Жақында Бейбіт өзінің мансабын қайта жалғастырмақ. Бірден титулды жекпе-жек өткізеді. Ол өзі бағындырған шыңына қайта шыға алады деп ойлайсыз ба?

– Әрине, Бейбіт те, Қанат та қазір бабында. Ең маңыздысы, сенімді ақтайды деп ойлаймын. Оның үстіне, олардың дайындықтарын көріп жүрмін. Бейбіт бұрынғы шыңынан да әрі асып кетуі мүмкін.

– Енді Головкиннің соңғы жекпе-жегіне тоқталсақ. Ванес Мартиросянға қарсы жекпе-жек туралы ойыңыз.

– Бұл жекпе-жектің қалай аяқталатынын бүкіл халық білді ғой. Ванес табан астынан таңдалған қарсылас болды. Неге Деревянченко емес деген де сұрақ туындаған. Бірақ көбі жекпе-жек бесінші раундқа таман аяқталады деп күтті. Күткен нәтиже мерзімінен бұрын жасалды. Мартиросян Генаға ауыр қарсылас болды деп ойламаймын. Себебі, Ванестің деңгейі қандай, Геннадийдің деңгейі қандай екенін өздеріңіз де білесіздер.

– Енді Головкинге келесі қарсылас ретінде кімді таңдағаны дұрыс?

– Таңдауды маған салса, бірінші кезекте Деревянченкомен жұдырықтасып, өз титулымды қорғап қалар едім. Кейін Альвареспен кездесіп, есемді қайтарар едім. Кейін ғана Билли Джо Сондерспен жекпе-жек өткізіп, барлық белбеуді жинап, сонымен мансабымды аяқтар едім.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер