Әлем кубогы Аргентина жеріне жетті
Әлем кубогі Аргентинаға келді. Футболдағы басты жүлде Азиядағы сапарын аяқтап, енді Латын Америкасына жетті, деп хабарлайды Prosports.kz 24.kz сайтына сілтеме жасап.
Аргентина сапында дүниежүзілік доп додасында топ жарған ардагер футболшылар алтын кубокті тағы бір мәрте ұстап көріп, ең мәртебелі жүлденің өз елдеріне қайта келетініне сенімді. Ресейде өтетін әлем чемпионатында Лионель Месси бастаған жігіттерге үлкен үміт артылып отыр. Аргентина 1978 және 1986 жылғы әлем чемпионаттарында жеңіске жетті. Сол кезде ұлттық құрама сапында доп тепкен ардагер футболшылар алдағы жарысқа қатысты өз пікірлерін білдірді. Алтын кубок Аргентинада 2 сәуірге дейін болады. Сосын Колумбияға сапар шегеді. Месси бастаған құрама Ресейдегі әлем біріншілігінде «Д» тобында Исландия, Хорватия, Нигерия құрамасымен ойнайды.
Марио Кемпес, футболдан 1978 жылғы әлем чемпионы:
- Біздің ұлттық құраманың жейдесінде екі жұлдыз бар. Енді оның қатарына үшінші жұлдыздың қосылатын күні алыс емес деп ойлаймын. Себебі Аргентинаның уақыты келді. Бізде қазір әлемдік деңгейдегі ойыншылар көп. Олар алдағы чемпионаттарда ел сенімін ақтай алады.
Хорхе Бурручага, футболдан 1986 жылғы әлем чемпионы:
- Әрине, жеңіске жету өте қиын. Бірақ мен жігіттерге сенемін. Біздің құрама жақсы жасақталды. Шын мықтылар жиналған деп айта аламын. Сондықтан алтын кубокты өз елімізде көреміз деген үлкен үміт бар.