Қожабергенов: Стоилов әрбір футболшымен үлкен жұмыс істеген
Отандық футбол маманы, қазіргі таңда «Екібастұз» командасының бас бапкері Асқар Қожабергенов Prosports.kz сайтының тілшісіне Ұлттық құраманың соңғы ойындарын қорытындылап, жас футболшылардың өнеріне баға беріп, Ұлттар Лигасындағы мүмкіндігіміз айтып берді.
- Қазақстан құрамасының соңғы екі ойынына берер бағаңыз қандай?
- Шынын айтқанда, ойындар алдында Стоиловтың осындай нәтижеге қол жеткізеді деп ойламадық. Жалпы, болгар маманының Ұлттық құраманың тізгініне келгені дұрыс шешім болды. Себебі Станимир Стоилов өзінің мықтылығын елімізде дәлелдеп қойды. «Астанамен» талай жетістікке жетті. Басты қарсыласы - «Қайрат» болған. Алматылық клубтың футболшыларын жіті зерттеп, талдағаны анық. Сол себепті Ұлттық құрамаға негізінен «Астана» мен «Қайраттың» ойыншыларын шақыртты. Өзі шақырған футболшының әрқайсысының қабілетін жақсы біледі.
Егер де еліміздің бас командасының тізгінін басқа бапкер ұстағанда жоғары нәтиже күтпес едік. Стоилов келгелі жанкүйерлердің Ұлттық құрамаға сенімі арта түсті. Еуропаның мықты демей-ақ қояын, бірақ соның өзінде еуропалық деңгейде өнер көрсетіп жүрген жақсы ойыншыларынан жинақталған мығым құрамалармен бақ сынады. Жақсы нәтиже көрсете білді. Ең бастысы жанкүйерлердің сенімін ақтады.

Асқар Қожабергенов «Астана» мен «Қайраттың» ардагерлері арасындағы жолдастық ойында
- Сол ойындарда қай футболшының өнері сізге ерекше ұнады?
- Бір футболшының есімін атап, бөліп-жаруға болмайды. Ойыншылар команда болып жақсы ойнады. Аз ғана уақыттың ішінде Стоилов психология жағынан футболшылармен жақсы жұмыс істегені көрініп тұр. Ойыншылар алаңда еркін ойнап, өздеріне сенімді болып көрінді. Тағы бір қуантатын жағдай, Стоилов әрбір футболшының қабілетін жіті зерттеп, мүмкіндіктеріне қарай алаңда орын тауып бергені. Сондай-ақ, Стоиловтың қорықпай алаңға жас ойыншыларды шығарғанын атап өту қажет. Еркебұлан Сейдахметті Ресей біріншілігінде ойнағаны үшін алаңға шығарған жоқ. Олардың әрқайсысының қабілеті мен мүмкіндігін жақсы білген себепті негізгі құрамнан орын берген.
- Болгар маманы келгелі біздің ойыншылардың сенімділігі артқандай...
- Стоилов жиын кезінде, жаттығу кезінде футболшылармен психологиялық тұрғыда үлкен жұмыс істеген. Әрбір футболшының ішінде жатқан потенциалын көрсете білді. Кейде ойыншылар қолынан келетін істі қорыққаннан, қарсыласынан сескеніп ойнағаннан соң көрсете алмауы мүмкін. Алаңға шығып, қобалжып, уайымдайтындары да бар. Осы тұрғыда Стоилов жақсы жұмыс істеген. Менің ойымша, бізде тәжірибесі мол жақсы ойыншылар, болашағынан үлкен үміт күттіретін футболшылар жетерлік.

Венгрияға қарсы ойында Бақтиер Зайнутдинов Ұлттық құрама сапындағы бірінші голын соқты
- Өзіңіз атап өткен Сейдахмет, Зайнутдинов, Перцух секілді жас футболшыларын болашақта Ұлттық құраманың кқөшбасшыларына айнала ала ма?
- Әрине, көшбасшы ойыншы болуға барлық мүмкіндіктері бар. Дегенмен бәрі өздеріне байланысты болады. Көп еңбектеніп, қабілеттерін шыңдай түсу қажет. Егер дамымай бір деңгейде қалып кетсе, бұлай бір жарқ етіп өнер көрсеткенінен пайда жоқ. Оларға бір кеңес, мансабына кәсіпқой көзқараспен қарау қажет. Сонда ғана Ұлттық құраманың алға сүйрейтін нағыз көшбасшысына айналады.
- Болгарияға қарсы ойында соңғы минуттарда гол жіберіп, жеңіліп қалды. Ұлттық құрамамыз әлі де болсын «соңғы минуттар синдромы» әдетінен айырыла қоймағандай. Алдағы уақытта мұндай жағдайды болдырмау үшін Стоиловқа не істеу қажет?
- Егер бұл ойындар ресми болғанда соңғы минутта гол жібермейтін едік. Стоилов соңғы минуттарда алаңға жаңа футболшыларды шығарып, шақырту алғандардың барлығының қабілетін көргісі келді. Алаңға жаңадан кірген футболшылар бір-бірін түсіне алмайды. Дегенмен осындай санаулы секундтар қалғанда гол жіберу өкінішті. Мұны бұрынғы әдетімізге санай салу дұрыс емес. Ресми ойындарда Стоилов соңғы минуттарда футболшыларға еркінсінуге мүмкіндік бере қоймас.

Ұлттық құраманың ойыншылары Еркебұлан Сейдахметті алғашқы голымен құттықтауда
- Станимир Стоилов қол астында өткізген екі ойынға қарай отырып, Ұлттық құрамадағы өзгерістер жайлы айтып берсеңіз.
- Осы ойындарға қарап, алда болатын Ұлттар Лигасында жақсы өнер көрсетеді деген сенім ұялады.
- Ұлттық құрамамен бірге жастар құрамасы да екі ойын өткізді. Күзде бастау алатын Ұлттар Лигасына дейін Қазақстан құрамасын күшейте алатын жастар шығып қалуы мүмкін бе?
- Юрий Перцух, Бақтиер Зайнутдинов, Еркебұлан Сейдахметтер жастар құрамасының ойыншылары ғой негізі. Осы үшеуінің Ұлттық құрама сапында өнер көрсетінінің өзі үлкен нәтиже. Жалпы алғандай, әзірге жастар құрамасына сапынан Ұлттық құраманы күшейте алатын футболшыны көргенім жоқ. Дегенмен, Ұлттар Лигасына дейін әлі біраз уақыт бар. Мүмкін сол аралықта бір-екі жас футболшы жарқ етіп шыға келуі мүмкін. Елімізде Ұлттық құраманы күшейте алатын кез келген ойыншы Стоиловтың көзінен таса қала қоймас.
- Станимир Стоилов баптаған Қазақстан құрамасының Ұлттар Лигасындағы мүмкіндігі қандай?
- Грузия мен Латвияның деңгейлері Венгрия мен Болгариядан төмендеу. Осы қарқынын жоғалтпаса біздің құраманың топтан бірінші орынмен шығуға мүмкіндігі бар деп ойлаймын.