Құраманың әлем чемпионаты алдындағы алғашқы жиыны аяқталды
<span>22 сәуірде шайбалы хоккейден бірінші дивизиондағы құрамалар арасында әлем чемпионаты басталады. </span>
<span>«А» тобындағы командалардың кездесуі Венгрия астанасы Будапешт қаласында өтеді. Элиталық топқа қосылуды көздейтін Қазақстан құрамасы Словения, Италия, Венгрия, Польша, Ұлыбритания хоккейшілерімен екі жолдаманы сарапқа салады. Ғалым Мәмбеталиевтен тәлім алатын ұлттық құрама қазір Астанада оқу-жаттығу жиындарын пысықтап жатыр. </span>
<span>Қазақстандық хоккейшілер үшін маусым әлі аяқталған жоқ. Сәуірдің соңына қарай бірінші дивизиондағы құрамалар элиталық топтың екі жолдамасына таласады. Ұлттық құраманың базасы саналатын «Барыс» биылғы құрлықтық хоккей лигасында сәтсіз ойнады. Енді лигадағы үздік шабуылшы Найджел Доустың елордалық командадан кетуі туралы әңгіме шықты. Қазақстанның азаматтығын алған хоккейші алдағы әлем чемпионатына да бармауы мүмкін. Қазір бұл мәселе басы ашық күйінде қалып отыр. Доустың қатарға қашан қосылатынын бас бапкер де білмейді. Ұлттық құраманың қазіргі оқу-жаттығу жиынында «Барыстың» бас мергені жоқ. </span>
<span>Құрамаға шақырту алған хоккейшілердің бір тобы Андрей Шаяновтың жетекшілігімен залда жаттықтығып жатыр. Себебі кейбір жігіттер үшін маусым әлі аяқталған жоқ. Ойыншылардың бабын жоғалтпау үшін үш кезеңдік дайындық жұмысы белгіленді. Бүгін алғашқы жиын аяқталады. Бір апталық демалыстан кейін екінші оқу-жаттығу басталады.</span>