Ой қорыту
Баскетбол

Қазақтың тұңғыш Олимпиада чемпионымен сұқбат

Қазақтың тұңғыш Олимпиада чемпионымен сұқбат
news-banner7
mobile-news-top

Қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы - баскетболшы Әлжан Жармұхамедов. Ұзақ уақыт бойы тарих қойнауында жатқан шындық таяуда ғана белгілі болды. Ірі денелі баскетболшы жетпістің екеуіне келсе де әлі ширақ, сөзіне берік. Жарты ғасырға жуық ғұмырын Мәскеу қаласында өткізген Әлжан Жармұхамедов Отанына келген сәтте «PROСПОРТ» тілшісі қойын дәптері мен қаламын алып чемпионмен кездескен еді.

Жетістіктері:

Олимпиада чемпионы 1972

Олимпиада ойындарының қола жүлдегері-1976
Әлем чемпионатының күміс жүлдегері: 1978
Әлем чемпионатының қола жүлдегері: 1970
КСРО біріншілігінің жеңімпазы: 1970-74, 1976-80
КСРО біріншілігінің күміс жүлдегері: 1975
Еуропа чемпионы : 1967, 1971, 1979
Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері: 1975
Универсиада ойындарының жеңімпазы-70
Еуропа чемпиондары кубогының иегері-71

Әлжан Мүсірбекұлы Оңтүстіктің қазағы. Баскетболға зауытта істеп жүріп келген.

- 1944 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Табақсай ауылында дүниеге келдім. Сол жерде мектепті 1961 жылы аяқтадым. Шіршік зауытында екі жылға жуық жұмыс істегенім бар. Спорт және мәдениет институтының жаттықтырушысы мені байқап мені зауыттың баскетбол құрамасына шақырды, алайда мен физикалық тұрғыдан әлсіздеу болғандықтан зауыттағы жұмысымнан кейін жаттығуға баруға шамам келмейтін. Баскетболдан қол үзіп қалғанымда жаттықтырушы қыр соңымнан қалмай қайтадан икемге келтірді. Бойы екі метр, салмағы 73 келі болған спортшыны Ташкенттегі ФизМәдениет Институты қуана қабылдады. Ал 1962 жылы менің спорттағы мансабым басталды. Тура төрт жылдан кейін Кеңес Одағының құрамасына шақырту алдым. Сонымен қатар ЦСКА командасында өнер көрсете бастадым. Мәскеулік ұжыммен бірге КСРО чемпионатын он рет ұттым, бір мәрте күміс медаль еншіледік. 1970 жылы КСРО құрамасы сабында Универсиада жеңімпазы атандық, сосын екі рет Олимпиада ойындарына, төрт мәрте Еуропа чемпионатына қатыстық.

Мюнхен Олимпиaдасындағы жеңісті сәт

КСРО құрамасы тарихты жазған Мюнхен Олимпиадасы жайлы.

- Олимпиаданың есте қалар бір тұсы, ол фашизммен тікелей байланысты Германия жерінде өтуі еді. Ол жерге барғаннан соң КСРО-ның намысын аяқ асты етпеуіміз керек еді. Америкалықтар бұған дейін барлық Олимпиадаларда жеңіске жеткенін. Мюнхенде де дәл сол жағдай қайталанды. Олар тобындағы барлық қарсыластарын оңай ұтты. Ал біз өзіміздің тобымыздан бірінші орын алдық. Осылайша финалда КСРО мен АҚШ құрамалары күш сынасты. Өте қиын өткен матч. Есте қалғаны, соңғы үш секунды. Иван Едешко бүкіл алаңнан жүгіріп өтіп, Александр Беловтың жеңісті доп салуына көмек берді.

Тарихи қателіктің түзетілуі.

- Кеңес заманы кезінде Қазақстанда «Лениншіл Жас» деген газет шығып тұратын. Сол басылымда Талғат есімді журналист қызмет жасайтын. Ол мен туралы алғашқы мақала жазған. Мәскеуге келгенде менің қазақ екендігімді қайдан білгендігін айтып берді. Жазғы уақытта ауылға барып жұмыс істеп жүрген кезінде мәскеулік бір кісімен әңгіме-дүкен құрыпты. Сөзден сөз шығып, ақыр соңы Үшкемпіров жайлы әңгіме өрбіген екен. Орыс жігіті: «Сендер, қазақтар, өте жамансыңдар, өздеріңнің тарихтарыңды білмейсіңдер» деген болу керек. Таңырқаған Талғат бұлай деуінің себебін сұрапты. Сонда жаңағы орыс жігіт қазақтан шыққан алғашқы Олимпиада чемпионы Әлжан Жармұхамедов деген. Кейіннен Талғат бұл істі өз қолына алып, тексеріс жүргізіп, менің қазақ екеніме көз жеткізді. Тәуелсіздік жылдары «Айқын» газетінің тілшісі Мәскеуге келіп, мен туралы мақала жазған. Артынша Қызылорда Институтының ректоры бұл мақаланы оқып, Қазақстан бокс Федерациясының президенті Дәйірбековпен бірге Мәскеуге келді. Мені Қазақстанға оралуымды өтініп, Алматыдан үй алып беруге тырысқан. Бірақ пәтір алу қиын болды.

Картинки по запросу сборная ссср по баскетболу 1972

Баскетболдан КСРО Олимпиадалық құрамасы, 1972 жыл. Отырғандар: (солдан оңға қарай) Паулаускас, Коркия, Саканделидзе, Едешко, Сергей Белов. Тұрғандар: Жармұхамедов, Вольнов, Поливода, Коваленко, Александр Белов, Дворный және Болошев

Еліне қажет болмаған чемпион.

- Қазір оралуға кеш болып кетті. КСРО ыдырағаннан кейін қаржылық қиындыққа байланысты Қазақстанға келе алмадым. Одан кейін Отаныма тек 2004 жылы ат басын бұрдым. Туған жеріңді сағыну қалай екендігін сол кезде түсіндім. Түсіме ауылым кіріп, сағынышты әрең басатынмын.

Алматылық «Буревестник» командасына ауыса алмағаны турасында. КСРО-ның сайқал саясаты.

- Ол кезде команда ауыстыру үшін КСРО баскетбол федерациясынан рұқсат алу керек болатын. Қазақстан мен Өзбекстан баскетбол қауымдастықтары арасында мен үшін талас туды. Соңында, Өзбекстан федерациясы жеңіске жетіп, мені жібермей қойды. Екінші мәрте 1977 жылы келген едім. Жарты жыл бойы СКА Алматы клубында қызмет істеп, Мәскеуге, отбасымның жанына қайта оралдым.

Биік жетістіктерге жетудің құпиясы.

- Мүмкін еңбектің жемісі шығар. Онымен қоса, менің баскетболға жақсы икемім болды.

Әлжан ағаның мойнындағы медаль - 1970 жылы Италияда өткен жазғы Универсиада ойындарының алтын жүлдесі. Яғни, Әлжан Жармұхамедов қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы ғана емес, тұңғыш Универсиада чемпионы да.

Неміс еліне екінші мәрте оралуы.

- Германиядағы Кеңес әскері тобының жаттықтырушысы болдым. Әскери спортшылар үшін бұл қалыпты жағдай. Сол жерде офицер шенін береді. Германияда бапкерлік қызмет ұсынды – мен келістім.

Қазақстан мен Ресей баскетболының айырмашылығы жайлы.

- Ресейде Қазақстанға қарағанда баскетболға назар да, қаржы да көбірек бөлінеді. «Астананың» ойынын теледидардан, мүмкіндік болса тірідей көруге тырысамын. Деңгейі төмен шетелдік ойыншыларды алған, жергілікті спортшылардың да дайындығы нашар. 20-30 ұпай айырмашылығымен ойсырай жеңілгенде жүрегім ауырады.

Сұхбаттасқан Айбар РЫСДӘУЛЕТ, 26.03.2016

Драмаға толы АҚШ пен КСРО құрамалары арасындағы матч. 50:51 есебімен соңғы 3 секундта кеңес спортшылары чемпиондықты жұлып алады

P.S. Жуырда «Жоғарыға жылжу» («Движение вверх») атты жаңа ресейлік кино туынды жарыққа шықты. Фильм баскетболдан КСРО құрамасының 1972 жылы Мюнхенде өткен Олимпиада ойындарында АҚШ-қа қарсы матчтағы жеңісіне негізделген.

Сол тарихи ойында КСРО құрамасының сапында Олимпиада алтынын алған тұңғыш қазақ - Әлжан Жармұхамедов өнер көрсеткен. Оның образын ресейлік актер Александр Ряполов сомдады.

Фильмді мына сілтеме бойынша көре аласыз.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер