Чарльз Оливейра Бразилия мен Дағыстан арасындағы турнирдің фаворитін атады
BMF белбеуінің иегері, жеңіл салмақтағы UFC-дің бұрынғы чемпионы Чарльз Оливейра Бразилия мен Дағыстан файтерлері арасындағы ықтимал командалық турнир туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Prosports.kz.
Complex порталының журналисі Оливейраға әр салмақ дәрежесінде екі тараптан бір-бір файтер қатысатын турнирдің нәтижесін болжауды ұсынды. Бразилиялық спортшы бұл тақырып жанкүйерлер арасында қызу пікірталас тудыруы мүмкін екенін айтса да, сұраққа нақты жауап берді.
«Бұл туралы айтқым да келмейді. Өйткені адамдар сұхбаттың үзінділерін таратып, наразылық білдіре бастайды. Бірақ Бразилия сөзсіз жеңіске жетер еді», – деді Оливейра.
Айта кетейік, Чарльз Оливейра кәсіпқой мансабында 49 жекпе-жек өткізіп, 37 рет жеңіске жеткен (32-сі мерзімінен бұрын). 11 рет жеңіліп, бір кездесуі өтпеді деп танылған.
Бразилиялық файтер UFC тарихында мерзімінен бұрын және сабмишн арқылы жеткен жеңістер саны бойынша рекордсмен саналады.