Карлос Пратес Ислам Махачевтің мансабын аяқтатқысы келеді
UFC жартылай орта салмақ дәрежесінің рейтингінде екінші орында тұрған бразилиялық Карлос Пратес (24–7) ресейлік Ислам Махачевті (29–1) жекпе-жектен бас тартқаны үшін сынға алды, деп хабарлайды Prosports.kz.
Бразилиялық файтер The Ariel Helwani Show бағдарламасына берген сұхбатында Махачевтің Торонтода өтетін UFC 336 турнирінде жұдырықтасудан бас тартқанына көңілі толмағанын айтты.
Осыдан кейін UFC Пратес пен рейтингтің үшінші сатысында тұрған эквадорлық Майкл Моралес (19–0) арасында уақытша чемпиондық белбеу үшін жекпе-жек ұйымдастырды.
Пратестің айтуынша, UFC басшылығы мен менеджер Әли Абдель-Азиз қатысқан келіссөз барысында тараптар қаңтарда жекпе-жек өткізуге келіскен. Алайда бір жарым айға жуық уақыт өткен соң ұйым өкілдері Махачевтің ешқандай себеп түсіндірместен кездесуден бас тартқанын хабарлаған.
Бразилиялық спортшы екі салмақ дәрежесінің чемпионы әрі салмақ дәрежесіне қарамастан үздік файтерлер рейтингінің көшбасшысын жеңу мансабындағы ең маңызды жетістік болар еді деп есептейді.
Енді Пратес алдымен жеңіліп көрмеген Моралесті жеңіп, кейін Махачевпен кездесуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ ол ресейлік файтерді мансабын аяқтауға мәжбүр ететіндей ауыр соққы жасайтынын мәлімдеді.
UFC 336 турнирі Қазақстан уақытымен 2027 жылдың 31 қаңтарында Торонтода өтеді. Пратес пен Моралес кештің екінші басты жекпе-жегінде кездеседі. Ал негізгі айқаста аса жеңіл салмақ чемпионы Джошуа Ван мен Манель Капе күш сынасады.