Мераб Двалишвили келесі жекпе-жегін кімге қарсы өткізгісі келетінін айтты
UFC ұйымының аса жеңіл салмақтағы бұрынғы чемпионы, грузиялық файтер Мераб Двалишвили октагонға оралған кезде кіммен жұдырықтасқысы келетінін айтты, деп хабарлайды Prosports.kz.
Нина Драмаға берген сұхбатында Двалишвили қытайлық нокаутшы Сун Ядунмен кездескісі келетінін жеткізді. Оның ойынша, қазіргі чемпион Петр Ян чемпиондық белбеуін Шон О’Мэллиге қарсы жекпе-жекте қорғайды.
«Мүмкіндігінше тезірек жекпе-жек өткізгім келеді. Меніңше, Сун Ядунмен жұдырықтасуым керек. Оған чемпиондық жекпе-жек берілмейтін сияқты. Петр Янмен белбеу үшін Шон О’Мэлли кездесетін шығар. Ал маған Сун Ядунды берсін. Керемет жекпе-жек болар еді! Кез келген жерде жұдырықтасуға дайынмын», – деді Двалишвили.
Еске салайық, Мераб соңғы жекпе-жегін 24 қазанда Әбу-Дабиде өткен UFC 333 турнирінде өткізді. Ол ресейлік Петр Яннан төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіліп, чемпиондық белбеуінен айырылды.
Сонымен қатар 11 қарашада Двалишвили Әбу-Дабидегі қонақүйлердің бірінде үлкен жанжалға тап болды. PFL чемпионы Усман Нурмагомедов сұхбат кезінде грузиялық файтерді шапалақпен ұрып, соңы екі тараптың жаппай төбелесіне ұласқан.
Оқиғаға байланысты Әбу-Даби соты бастапқыда Усман мен Умар Нурмагомедовтерді алты айға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған. Алайда кейін сот департаменті түрме жазасын әрқайсысына 41 мың доллар көлеміндегі айыппұлмен алмастырған.