RAF басшысы Нурмагомедов пен Двалишвилидің төбелесіне қатысты Дана Уайтқа жауап берді
Real American Freestyle (RAF) ұйымының бас директоры Чад Бронштейн UFC президенті Дана Уайттың сынына жауап берді, деп хабарлайды Prosports.kz.
Бұған дейін Дана Уайт Абу-Дабидегі қонақүйлердің бірінде PFL чемпионы Усман Нурмагомедов пен UFC-дің бұрынғы чемпионы Мераб Двалишвили арасында болған төбелестен кейін RAF ұйымының қауіпсіздік шараларын қатаң сынға алған еді.
Чад Бронштейн MMA Fighting басылымына берген сұхбатында UFC ұйымына құрметпен қарайтынын, алайда мұндай жанжалдар Дана Уайт басқаратын промоушенде де болатынын атап өтті. Ол мысал ретінде Лас-Вегаста Диллон Дэнис қатысқан оқиғаны келтірді.
«Мен олардың ұйымын қатты құрметтеймін. Бірақ мұндай мәлімдеме жасау әділетсіз. Өйткені осындай жағдайлар олардың өздерінде де болып тұрады емес пе? Менің бұл мәселеге қатысты жауабым осы», – деді Бронштейн.
RAF басшысының айтуынша, Нурмагомедов пен Двалишвили арасындағы жанжал ресми жарыс алаңында емес, қонақүйге орналасу және жоспарлы медиа-шаралар кезінде күтпеген жерден болған.