Усман Нурмагомедовтің менеджері Абу-Дабидегі төбелес үшін кешірім сұрады
Усман Нурмагомедовтің менеджері Али Абдель-Азиз Абу-Дабиде шәкірті мен UFC-дің бұрынғы чемпионы Мераб Двалишвили арасында болған жанжалға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Prosports.kz.
Менеджердің айтуынша, ресейлік спортшының әрекетін ешқандай жағдаймен ақтауға болмайды.
Оқиға 11 қарашада Абу-Дабидегі қонақүйлердің бірінде болған. RAF турнирі қарсаңында Двалишвили сұхбат беріп жатқан кезде оған Нурмагомедов жақындап, бетінен ұрған. Артынша жанжал бірнеше адамның қатысуымен жаппай төбелеске ұласқан.
Кейін грузиялық спортшы әлеуметтік желіде беті қанға боялған видеосын жариялап, өзіне шабуыл жасалғанын мәлімдеді.
Оқиғадан кейін Абу-Даби полициясы 10 адамды ұстағаны хабарланды. Олардың сегізі төбелеске тікелей қатысы бар деген күдікке ілінсе, қалған екеуі оқиғаны видеоға түсіргені үшін ұсталған.
«Болған жағдайға шын жүректен өкінемін. Бұл оқиға үшін ұяламын. Жігіттер осыдан сабақ алады деп үміттенемін. Мұндай жағдай енді қайталанбауы керек. Біздің спортшылар өзгелерге үлгі болуы тиіс.
Бірнеше күн бойы ұйықтамай, жағдайды қалай түзетуге болатынын ойладым. Бірақ мұның бәрін сөзбен түзету мүмкін емес екенін түсінемін. Абу-Даби тұрғындары мен басшылығына мұндай жағдайдың енді қайталанбайтынын айтқым келеді.
Біз мұсылман ретінде де, адам ретінде де, спортшы ретінде де өзімізді лайықты ұстауымыз керек. Болған оқиғаға ешқандай ақтау жоқ.
Бұл Абу-Даби қаласы мен оның тұрғындарына жасалған құрметсіздік болды. Мәселені басқаша шешуге болатын еді. Спортшылардың эмоцияға берілетінін түсінемін, бірақ бұл олардың әрекетін ақтамайды», – деді Абдель-Азиз.
Менеджердің сөзін MMA Junkie басылымы келтірді.