«Ливерпуль» Макаллистермен келісімшартты ұзарту жөнінде келіссөз бастамаған
«Ливерпуль» жартылай қорғаушысы Алексис Макаллистердің әкесі әрі агенті Карлос Макаллистер ұлының ағылшын клубымен келісімшартты ұзарту мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Prosports.kz.
Оның айтуынша, тараптар әзірге жаңа келісімшарт бойынша келіссөз жүргізбеген.
«Оның қазіргі келісімшартының аяқталуына әлі 20 ай бар. Клубта спорт директоры да, бас бапкер де ауысты. Сондықтан жағдай әлі қарастырылып жатыр. Жыл соңына дейін қандай да бір жаңалық болуы мүмкін. Біз келісімшартты ұзарту жөнінде келіссөзді әлі бастаған жоқпыз. Егер бәрі ойдағыдай болса, Алексис клубта қалады. Ал олай болмаса, өз жолымен кетеді. Ешқандай мәселе жоқ», – деді Карлос Макаллистер ESPN басылымына.
27 жастағы аргентиналық футболшының «Ливерпульмен» қазіргі келісімшарты 2028 жылдың жазына дейін жарамды.
Бұған дейін ағылшын клубы жартылай қорғаушыны 2027 жылдың жазында сатуы мүмкін екені хабарланған. Алайда Макаллистердің өзі бірнеше рет «Энфилдте» өнер көрсетуін жалғастырғысы келетінін айтқан.
Сонымен қатар Карлос Макаллистер ұлына мадридтік «Реалдың» қызығушылық танытып жүргені туралы ақпаратқа тоқталды. Оның сөзінше, испаниялық клуб өкілдері ықтимал трансферге қатысты футболшының отбасымен ешқашан байланысқа шықпаған.
2026/27 жылғы маусымда Алексис Макаллистер барлық турнирде 16 матч өткізіп, бес гол соғып, бір нәтижелі пас берді.
Transfermarkt порталы аргентиналық жартылай қорғаушының нарықтық құнын 70 миллион еуроға бағалап отыр.