«Реалдың» аңыз ойыншысы Испания клубының бас бапкері атануы мүмкін
Мадридтік «Реалдың» бұрынғы шабуылшысы Рауль Гонсалес «Овьедо» клубының бас бапкері қызметіне үміткерлердің қатарына енді, деп хабарлайды Prosports.kz.
Marca басылымының мәліметінше, Испания клубының басшылығы қазіргі уақытта жұмыссыз жүрген 49 жастағы маманды шақыру мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Рауль «Овьедо» басшылығының негізгі үміткерлерінің бірі саналады. Ол алты жыл бойы «Реал» жүйесінде жұмыс істеп, мадридтік клубтың қосалқы командасы «Кастильяны» жаттықтырған. Алайда қызметінен кеткеннен кейін әлі жаңа команда тапқан жоқ.
Басылымның хабарлауынша, «Овьедо» президентінің Раульге бұрыннан ерекше ықылас танытуы оның тағайындалуына әсер етуі мүмкін.
Клуб жаңа бапкер іздеуді Хулиан Фернандес Калеромен қоштасқаннан кейін бастады. Испаниялық маманмен бірге оның барлық көмекшілері де командадан кетті.
Қазіргі уақытта «Овьедо» Испанияның екінші дивизионы – Сегундада өнер көрсетеді. Команда 13 турдан кейін 21 ұпай жинап, турнирлік кестеде тоғызыншы орында тұр.
Өткен маусымда астуриялық клуб Ла Лигада ойнағанымен, соңғы орын алып, элиталық дивизионнан түсіп қалған еді.
Айта кетейік, Рауль Гонсалес 1994-2010 жылдар аралығында «Реалдың» негізгі құрамында өнер көрсетті. Осы уақыт ішінде ол барлық турнирде 741 матч өткізіп, 323 гол соқты.
Енді мадридтік клубтың аңыз ойыншысы бапкерлік мансабын Испанияның басқа командасында жалғастыруы мүмкін.