Нани кәсіби футболшы мансабын аяқтады
XXI ғасырдағы Португалияның ең танымал әрі атақты футболшыларының бірі мансабын аяқтады, деп хабарлайды Prosports.kz.
«Ақтөбе» клубының 39 жастағы жартылай қорғаушысы Нани кәсіби футболдан біржола кету туралы шешім қабылдады. Бұл туралы қазақстандық клубтың баспасөз қызметі ресми түрде мәлімдеді.
«Ақ-қызылдар» сапындағы кезең португалиялық жұлдыздың жарқын мансабындағы соңғы белес болды. Нани «Ақтөбе» құрамында тәжірибелі ойыншы әрі команданың көшбасшыларының бірі ретінде танылды.
Қазақстан Премьер-лигасында барлық турнирді қоса есептегенде 26 матч өткізіп, үш гол соғып, бес нәтижелі пас берді. Әсіресе Қазақстан Кубогында сәтті өнер көрсетіп, екі кездесуде екі голдың авторы атанды.
Айта кетейік, Нани мансабында «Манчестер Юнайтед» сапында Чемпиондар лигасын және Англия Премьер-лигасының төрт дүркін чемпионы атанды. Сонымен қатар 2016 жылы Португалия құрамасымен бірге Еуропа чемпионатының алтын медалін жеңіп алды.
Қазақстандағы кезеңі атақты футболшының жарқын мансабына нүкте қойды.