» мен «Интер» жаңа стадионының жобасын таныстырды
Италиялық «Милан» мен «Интер» клубтары болашақта өз алаңындағы матчтарын өткізетін жаңа стадионның жобасын таныстырды. Арена 2031/32 жылғы маусымда алғашқы ойындарын қабылдауы тиіс, деп хабарлайды Prosports.kz.
Жаңа стадион Милан қаласының спорттық инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған ауқымды жобаның бір бөлігі болмақ.
«Милан» клубының ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, арена Generali Stadium деп аталады. Стадион 71,5 мың көрерменге шақталған. Сонымен қатар жоба аясында жалпы аумағы 281 мың шаршы метр болатын іргелес аумақ та толық жаңартылады.
«Жаңа стадион “Сан-Сироның” рухын жаңа дәуірге жеткізіп, Милан қаласының көрнекті нысандарының біріне айналуы тиіс», – делінген клубтың хабарламасында.
La Gazzetta dello Sport басылымының мәліметінше, италиялық Generali сақтандыру компаниясымен жасалған келісім шамамен 20 жылға есептелген. Осы кезеңде екі клубтың серіктестіктен түсетін жалпы қаржылық пайдасы 650 миллион еуроға жетуі мүмкін. Компания «Милан» мен «Интердің» ресми сақтандыру серіктесі атанады. Алайда халықаралық жарыстар кезінде стадион атауына қатысты коммерциялық құқықтарды пайдалана алмайды.
Құрылыс жұмыстары 2028 жылы басталады деп жоспарланған. Жаңа арена ұзақ жылдар бойы Миланның қос командасының ортақ үйі болған аты аңызға айналған «Сан-Сиро» стадионының орнын басады.