Қытай Испания чемпионатының матчтарын көрсетуден бас тартты
Қытайдың мемлекеттік CCTV телерадиокомпаниясы Испания чемпионатының матчтарын көрсетпейтінін растады, деп хабарлайды Prosports.kz.
Marca басылымының мәліметінше, телеарна мадридтік «Реалдың» шабуылшысы Килиан Мбаппенің даулы мәлімдемесіне байланысты клуб берген түсініктемелерді де қабылдамаған.
Жанжалға француз футболшысының жүзі Қытайдың бұрынғы басшысы Мао Цзэдунның бейнесімен біріктірілген мем себеп болған. Сұхбат барысында Мбаппе бұл суретті ең күлкілі мем деп атап, Қытайдың саяси қайраткерін диктатор деп сипаттаған. Оның сөздері Қытайда наразылық тудырды.
CCTV өкілдері келіссөздерді қайта бастау үшін мадридтік клубтың өзінен ресми кешірім сұрау қажет екенін мәлімдеді. Осылайша, «Реалдың» бұған дейінгі түсініктемелері жағдайды реттеуге жеткіліксіз болған.
Ал Қытай Сыртқы істер министрлігінің өкілдері Мбаппенің жеке өзі кешірім сұрағанын назарға алғанын айтты. Алайда ведомство өкілдері бұл қадам бойкотқа қосылған жергілікті ұйымдардың шешіміне әсер ете ме деген сауалға нақты жауап бермеді.
Әзірге Испания чемпионатының матчтары Қытай телеарналарына қандай жағдайда қайта оралатыны белгісіз. Франциялық шабуылшының мәлімдемесіне байланысты туындаған жағдай футбол ұйымдары мен Қытай тарапының қарым-қатынасына әсер етіп отыр.