Джермейн Пеннант ит шабуылынан жарақат алып, 50-ден астам тігіс салдырды
Англияның «Ливерпуль» және «Арсенал» клубтарының бұрынғы футболшысы Джермейн Пеннант Лондонда иттің шабуылына ұшырады, деп хабарлайды Prosports.kz.
Оқиға салдарынан спортшы жарақат алып, дәрігерлер оған 50-ден астам тігіс салуға мәжбүр болған. Бұл туралы The Sun басылымы жазды.
Басылымның мәліметінше, оқиға Пеннант америкалық акита тұқымдас Кинг есімді итімен серуендеп жүрген кезде болған. Кенет оның итіне неміс овчаркасы тап берген. Бұрынғы футболшы сүйікті жануарын қорғау үшін араласып, агрессивті итті қумақ болған. Алайда шабуылдаған ит оны жерге құлатып, аяғынан тістеп алған. Сол сәтте акита да иесін қорғауға тырысып, шабуылдаған итті тоқтатуға әрекет жасаған.
Оқиғадан кейін Пеннант медициналық мекемеге жеткізілді. Дәрігерлер оның терең жараларын өңдеп, 50-ден астам тігіс салған. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, бұрынғы футболшының қазіргі жағдайы қанағаттанарлық. Дегенмен ол әзірге болған оқиғаға байланысты полицияға арыз түсіруді жоспарлап отырған жоқ.
Кәсіби мансабында Джермейн Пеннант «Ливерпуль» мен «Арсеналдан» бөлек, Англияның бірқатар клубында өнер көрсетті. Олардың қатарында «Бирмингем Сити», «Уотфорд», «Лидс Юнайтед», «Портсмут» және «Сток Сити» бар.