«Баварияның» аңыз қақпашысы мансабын аяқтайтын уақытын белгіледі
Мюнхендік «Баварияның» қақпашысы Мануэль Нойер 2026/27 жылғы маусым аяқталған соң кәсіби мансабын тоқтатуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Prosports.kz.
Sky Sports журналисі Флориан Плеттенбергтің мәліметінше, 40 жастағы неміс қақпашысы 2027 жылдың жазында футболмен қоштасуды көздеп отыр.
Дегенмен Нойер жарақатына байланысты мансабын мерзімінен бұрын аяқтағысы келмейді. Ол алдымен толық қалпына келіп, келесі жылдың басында «Баварияның» негізгі құрамына оралуды жоспарлаған.
Мюнхендік клуб басшылығы да тәжірибелі қақпашының алаңға оралуына асықпайды. Жоспар бойынша Нойер маусым соңына дейін команданың бірінші нөмірлі қақпашысы болып қалады. Ал келесі маусымнан бастап бұл міндет Йонас Урбигке жүктелмек.
Еске салайық, 7 қарашада Бундеслиганың тоғызыншы турында «Майнцқа» қарсы өткен кездесуде (2:1) Нойер оң аяғының сіңірін жартылай жыртып алды. Ол бірінші тайм аяқталмай жатып алаңнан кетуге мәжбүр болды. Әзірге клуб оның қашан қатарға қосылатынын нақты жариялаған жоқ.
Мануэль Нойер «Бавария» сапында 2011 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Биылғы маусымда тоғыз матч өткізіп, төртеуінде қақпасына гол жібермеген.
Мюнхендік клубпен бірге ол 13 рет Германия чемпионы атанып, алты мәрте ел кубогын және екі рет Чемпиондар лигасын жеңіп алды.