Мауро Икарди өз қызына қол көтерді деген күдікке ілінді
«Галатасарай» мен Аргентина құрамасының бұрынғы шабуылшысы Мауро Икардиге қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Prosports.kz.
Футболшы 11 жастағы қызына жеңіл дене жарақатын келтірді деген күдікке ілінген.
БАҚ мәліметінше, оқиға 6 қарашада Буэнос-Айрес маңындағы Ла-Исла тұрғын үй кешенінде болған. Қыз анасы Ванда Нараға көмек сұрап бірнеше хабарлама жіберген. Бұдан кейін әйел полицияға жүгінген.
Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары футболшының бұрынғы әйелімен сөйлескен. Ванда Нараның айтуынша, Икарди қызына ұрысқан. Кейін қыз үйден өздігінен шығып, анасының қамқорлығына өткен.
Істі гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің прокуроры Хулио Петруччи қолға алды. Ол қызды сот-медициналық сараптамадан өткізуді тапсырған. Сондай-ақ футболшыға қатысты қылмыстық іс қозғалғаны ресми түрде хабарланған.
12 қарашада Икарди адвокаттарымен бірге прокуратураға барып, түсініктеме берді. Ал футболшының қорғаушылары тергеу барысына наразылық білдіріп, әзірге оқиғаның тек бір нұсқасы ғана қарастырылып жатқанын мәлімдеді.