«Барыс» жаңа қақпашыны қатарына қосып, америкалық легионермен қоштасуы мүмкін
Астаналық «Барыс» Челябінің «Трактор» клубынан ресейлік қақпашы Дмитрий Николаевты қатарына қосты. Осы трансферден кейін америкалық Хантер Шепард командадан кетуі мүмкін, деп хабарлайды Prosports.kz «Спорт-Экспресс» басылымына сілтеме жасап.
«Барыс» 26 жастағы Дмитрий Николаевтың трансферін ресми түрде аяқтады. Қақпашының орнына «Трактор» ақшалай өтемақы алды.
Николаев биылғы Құрлықтық хоккей лигасының тұрақты чемпионатында 10 матч өткізіп, қарсыластарының соққыларының 92,8 пайызын қайтарған. Оның сенімділік коэффициенті – 2,20.
Жаңа қақпашы маусымның қалған бөлігінде Андрей Шутовпен бірге «Барыстың» негізгі қақпашылар жұбын құрайды деп күтілуде.
Ал америкалық Хантер Шепардтың командадағы болашағы бұлыңғыр. Колдер кубогының екі дүркін иегері 2026 жылдың шілдесінде «Барыспен» бір жылдық келісімшартқа отырған болатын. Алайда 31 жастағы хоккейші өзіне артылған сенімді ақтай алмады.
Шепард биылғы маусымда 13 кездесуге қатысып, төрт жеңіске жетті. Оның біреуінде қақпасына шайба жібермеген. Америкалық қақпашы соққылардың 87,5 пайызын қайтарып, 3,37 сенімділік коэффициентін тіркеді.
«Барыстың» бас бапкері Михаил Кравец жаңа қақпашының келуіне және Шепардтың болашағына қатысты пікір білдірді.
«Дмитрийді бұрыннан танимын. Кезінде оны қазір «Сан-Хоседе» ойнайтын Ярослав Аскаровпен бірге «СКА-Варяги» командасында жаттықтырдым. Кейін Николаев дамып, СКА және басқа да клубтарда өнер көрсетті. Ол – жақсы қақпашы. Бізге плей-оффқа шығуға көмектеседі деп ойлаймын», – деді Кравец.
Сондай-ақ маман Шепардтың командадан кетуі мүмкін екенін жасырмады.
«Менің ойымша, солай болады. Өйткені бір командада үш негізгі қақпашы болуы мүмкін емес. Шынымды айтсам, Хантердің бізде жақсы өнер көрсеткенін қатты қаладым. Оған бірінші нөмір болу мүмкіндігі берілді. Өкінішке қарай, ол бұл мүмкіндікті пайдалана алмады», – деді бас бапкер.