Михаил Кравец «Барыстың» жеңісіне пікір білдіріп, құрамдағы өзгерістер туралы айтты
«Барыстың» бас бапкері Михаил Кравец Құрлықтық хоккей лигасында «Адмиралға» қарсы өткен матчты қорытындылап, команданың жағдайы мен құрамдағы ықтимал өзгерістер туралы айтты, деп хабарлайды Prosports.kz.
Астанада өткен кездесу алаң иелерінің 4:2 есебімен жеңісімен аяқталды. Осылайша, «Барыс» қатарынан үш жеңілістен кейін жеңіске жетті.
Матч туралы
«Ауыр сырт алаңдағы ойындардан кейін бүгін таңертеңгі жаттығуда жігіттерге эмоция мен жігер жетіспегендей көрінді. Ойын да қиын басталды. Бірде шайба үшін күресте, бірде жекпе-жектерде жеңіліп жаттық. Қарсы шабуылда жақсы гол соққанымызбен, жеке қателіктердің салдарынан екі шайба жіберіп алдық.
Екінші кезеңде сенімді ойнап, гол жібермедік. Үшінші кезең алдында жігіттерден қалған күштерін толық жұмсауды сұрадық. Командамен бауырларша сөйлестік. Олар бізді түсініп, жеңіс үшін барын салды.
Бұл жеңіс командаға жағымды эмоция сыйлап, соңғы матчтарда жиналған шаршауды ұмытуға көмектеседі деп ойлаймын», – деді Кравец.
Шығыс конференциясындағы бәсекелестік туралы
Бапкер турнирлік кестедегі жағдайдың барлық командаға қысым түсіретінін атап өтті.
«Қазір командалар бір-біріне өте жақын орналасқан. Бір матчта жеңсең, үшінші орынға көтерілесің, жеңілсең, оныншы орынға түсесің. Сондықтан конференциядағы тікелей қарсыластармен кездесулердің маңызы ерекше», – деді маман.
Құрамды күшейту туралы
Кравец клубтың қаржылық мүмкіндігі болса, қорғаныс пен шабуыл шебін күшейткісі келетінін жеткізді.
«Құрамды үнемі күшейтіп отырған жақсы. Егер бюджет мүмкіндік берсе, қорғанысқа да, шабуылға да жаңа ойыншылар алғымыз келеді. Бәсекелестік ешкімге кедергі келтірмейді», – деді ол.
Жаңа қақпашы және Хантер Шепардтың болашағы
Бас бапкер «Трактор» қақпашысы Дмитрий Николаевтың «Барысқа» ауысуы мүмкін екенін растады. Алайда ресми ақпаратты клубтың өзінен күтуге шақырды.
«Дмитрийді бұрыннан танимын. Оны Ярослав Аскаровпен бірге «СКА-Варяги» командасында жаттықтырғанмын. Кейін ол дамып, СКА мен басқа клубтарда ойнады. Николаев бізге плей-оффқа шығуға көмектесе алады деп есептеймін», – деді Кравец.
Сондай-ақ маман Николаев келген жағдайда Хантер Шепардтың болашағына қатысты шешім қабылдануы мүмкін екенін жасырмады.
«Командада үш негізгі қақпашы бола алмайды. Хантердің жақсы ойнағанын қатты қаладым. Оған бірінші нөмір болу мүмкіндігі берілді, бірақ ол бұл мүмкіндікті пайдалана алмады», – деді бапкер.
«Самұрық-Қазына» төңірегіндегі жағдай туралы
Журналистер Кравецтен «Барыстың» демеушісі саналатын «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың ұсталғаны туралы тараған ақпараттың командаға әсерін сұрады.
«Біз бұл жағдайдан хабарсыз болдық. Білгенімізде ақша толы чемодандар лақтырылған жерге біз де барар ма едік. Ал біз жаттығуға кетіппіз. Демек, басқа жаққа барыппыз», – деп әзілдеді Кравец.
Ол клубтың демеушілік қолдаудан айырылмайтынына үміт білдірді.
«Бәрі жақсы болады деп сенемін. Демеушілеріміз сақталып, «Барыс» жұмысын жалғастырады деп үміттенемін. Бұл – Қазақстан атынан ҚХЛ-да өнер көрсететін жалғыз команда. Оған демеушілердің қолдауы қажет», – деді маман.
Театрға баруы туралы
Кравец хоккейден тыс уақытта өнерге көңіл бөлудің маңызды екенін айтты.
«Мен әрдайым әртістер мен хоккейшілердің ұқсастығы бар екенін айтамын. Олар сахнада ойнайды, біз мұз айдынында ойнаймыз. Үш жеңілістен кейін ойды сергітіп, хоккейден сәл алшақтау керек болды. Астанада опера және балет театрының бары қуантады», – деді ол.
Всеволод Логвиннің оралуы туралы
Бапкер жарақатынан кейін құрамға қайта қосылған Всеволод Логвиннің жағдайына да тоқталды.
«Иә, біздің еркін суретшіміз ойынға дайын», – деп қысқа жауап берді Кравец.
Айта кетейік, «Барыс» келесі кездесуін 15 қарашада өз алаңында магнитогорскілік «Металлургке» қарсы өткізеді.