Роналду ұлттық құрамаға оралуға ниетті емес
41 жастағы Криштиану Роналду Португалия құрамасына оралуға әзірге ниетті емес. Егер ұлттық команданың бас бапкері Жорже Жезуш болып қала берсе, шабуылшы құрама сапында ойнамайды, деп хабарлайды Prosports.kz.
Бұл туралы CNN Portugal журналисі Руй Сантуш мәлімдеді.
Журналистің мәліметінше, футболшы мен маман арасындағы қарым-қатынастың шиеленісуіне Жезуштің Норвегияға қарсы УЕФА Ұлттар лигасындағы матчтан кейін айтқан пікірлері себеп болған. Кездесу Португалия құрамасының 2:1 есебімен жеңісімен аяқталған болатын.
Роналду мен бас бапкер арасындағы келіспеушілік осы командалар арасындағы бұған дейінгі кездесуден кейін басталған. Сол ойында шабуылшы алаңға шықпай, 90 минут бойы қосалқы құрамда отырды. Бапкерлер штабының бұл шешімі Португалия құрамасының капитанына ұнамағаны айтылады.
Жағдай ұлттық құраманың Данияға қарсы келесі ойыны алдында одан әрі ушыққан. Роналду құраманың жаттығуларының біріне қатыспай, кейін ұлттық команда орналасқан жерден мерзімінен бұрын кеткен.
Норвегиямен өткен кезекті кездесуден кейін Жезуш баспасөз мәслихатында бұл жағдайға қатысты пікір білдірді. Бас бапкер өз әрекеті немесе айтқан сөзі үшін кешірім сұрауды қажет деп санамайтынын аңғартты.
Сантуштың мәліметінше, дәл осы оқиғалардан кейін Роналдудың ұлттық құрамаға оралу жөніндегі ұстанымы түбегейлі өзгерген. Егер Жезуш Португалия құрамасының бас бапкері болып қала берсе, шабуылшы ұлттық командада өнер көрсетпек емес.