Рахмонов Хабиб пен Махачевтан айырмашылығын түсіндірді
Қазақстандық UFC файтері Шавкат Рахмонов ирландиялық Иэн Мачадо Гэрриге қарсы жекпе-жектен алған жарақатына қарамастан не себепті бас тартпағанын түсіндірді, деп хабарлайды Prosports.kz.
ALF Global арнасына берген сұхбатында Рахмонов жекпе-жек алдында денсаулығына қатысты мәселелер болғанын мойындады. Соған қарамастан, ұзақ үзілістен кейін октагонға шығуға шешім қабылдаған. Спортшының айтуынша, оған жанкүйерлер алдындағы жауапкершілік сезімі және қиындық алдында шегінгісі келмеуі себеп болған.
Файтердің пікірінше, мұндай жағдайда өзге спортшылардың басым бөлігі, соның ішінде ТОП-15 рейтингіндегі көптеген файтер жекпе-жектен бас тартар еді. Рахмонов тәуекелге барғанын айтып, мұны ұлттық батылдықпен байланыстырып, «қазақы нұсқа» деп атады.
Ал мысал ретінде Хабиб Нурмагомедов пен Ислам Махачев секілді дағыстандық файтерлерді келтірді. Оның сөзінше, олар дәл осындай жағдайда тәуекелге бармас еді.
Рахмонов үшін басты мотивация — ұзақ үзілістен кейін жекпе-жек өткізу, жанкүйерлердің үмітін ақтау және командасы мен елі алдындағы жауапкершілігін көрсету болған. Ол шегінуге жол бере алмайтынын атап өтті.