Шымкент клубы турнир кестесінде екінші орынға көтерілді
ҚПЛ-дің 11-турының соңғы матчында қостанайлық «Тобыл» өз алаңында шымкенттік «Ордабасыдан» ірі есеппен жеңілді, деп хабарлайды Prosports.kz.
Кездесу Қостанайдағы Орталық стадионда өтті. Матчтың бас төрешісі көкшетаулық Антон Кучма болды.
Ойынның алғашқы бөлігінде алаң иелері белсендірек көрінді. Алайда 30-минутта Кирилл Глущенков тікелей қызыл қағаз алып, «Тобыл» бір ойыншымен кем қалды.
Осыдан кейін «Ордабасы» бастаманы толық өз қолына алды. Екінші таймның басында Кристиан-Михай Капацина есеп ашты.
Матч соңында Жасұлан Әмір дубль авторы атанып, шымкенттік клубтың ірі жеңісін рәсімдеді — 3:0.
Осы жеңістен кейін «Ордабасының» еншісінде 25 ұпай болды және команда турнир кестесінде екінші орынға көтерілді.
Ал сегіз ұпайы бар «Тобыл» аутсайдерлер қатарында қалып отыр.
«Тобыл» — «Ордабасы» 0:3 Голдар: Капацина 50, Әмір 84, 87.
Қызыл қағаз: Глущенков 30.