Перейра -Ган жекпе-жегіне қатысты болжам: Сириль Ган төрешілер шешімімен жеңуі мүмкін
UFC-дің ауыр салмақтағы чемпионы Том Аспиналл Алекс Перейра мен Сириль Ган арасындағы жекпе-жек туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Prosports.kz.
Аталған айқас 15 маусым күні UFC White House -Freedom 250 турнирінде өтеді. Кездесуде уақытша чемпиондық белбеу сарапқа салынады.
Том Аспиналл бұл жекпе-жекте нақты фаворитті атау қиын екенін жеткізді.
«Жеңімпазды таңдау қиын. Бірақ меніңше, Сириль Ган төрешілер шешімімен жеңуі мүмкін. Ол көп қозғалып, сауатты жұмыс істейді» деді Аспиналл.
38 жастағы Алекс Перейра кәсіпқой ММА-де 13 жеңіске жетіп, үш рет жеңілген. Оның 11 жеңісі мерзімінен бұрын аяқталған.
Ал франциялық Сириль Ганның еншісінде 13 жеңіс пен екі жеңіліс бар. Тоғыз қарсыласын мерзімінен бұрын ұтқан.
Айта кетелік, көпшілік бұл кездесуді ауыр салмақтағы ең қызықты текетірестердің бірі деп бағалап отыр. Себебі Перейраның ауыр соққылары мен Ганның жылдам қимылы жанкүйерлерге тартысты айқас сыйлауы мүмкін.