Жобаға қатысып жатқан файтердің сөзінше, алғашқы бөлім маусымда көрсетіледі
ММА файтері Артем Белах UFC The Ultimate Fighter реалити-шоуының жаңа маусымының премьерасы қашан өтетінін айтты, деп хабарлайды Prosports.kz Legalbet.kz сайтына сілтеме жасап.
Спортшының айтуынша, жобаның түсірілімі толық аяқталған. Ал алғашқы бөлім 14 маусым күні, Ақ үйде өтетін UFC турнирі кезінде көрсетіледі деп жоспарланып отыр.
Белахтың сөзінше, кейінгі эпизодтар да бұрынғы формат бойынша тұрақты түрде шығып тұрады.
Қазақстан мен Ресей атынан өнер көрсететін жеңіл салмақтағы LFA чемпионы Артем Белахтың The Ultimate Fighter жобасына қатысатыны сәуір айында белгілі болған еді.
Айта кетейік, UFC тарихындағы TUF шоуына қатысқан алғашқы қазақстандық файтер — Әліби Ыдырыс. Ол 2025 жылы жобаның финалына дейін жетіп, кейін UFC ұйымымен келісімшартқа қол қойған болатын.