Хайме Мунгия допингпен ұсталды

Бұрынғы бірінші орта салмақтағы әлем чемпионы Хайме Мунгия допинг-тесттен оң нәтиже көрсетіп қойды, деп хабарлайды Prosports.kz.
ВАДА таратқан мәліметке сенсек, мексикалық боксшының ағзасынан сырттан енгізілген тестостеронның метаболиттері анықталған. Яғни рұқсат етілмеген затты қолданған болуы мүмкін.
Мунгия соңғы жекпе-жегін 2025 жылдың мамырында Сауд Арабиясында өткізіп, француз боксшысы Бруно Сурачемен өткен реваншта төрешілер шешімімен жеңіске жеткен еді. Бұған дейін, 2024 жылдың желтоқсанында ол дәл осы қарсыласынан Мексикада ауыр нокаутпен жеңілген болатын.
28 жастағы Мунгияның кәсіби мансабында 47 жекпе-жек бар: 45 рет жеңіп, екі мәрте ұтылған. Оның 35 жеңісі – мерзімінен бұрын аяқталған. Айта кетейік, бір кездері ол қазақстандық Жәнібек Әлімханұлымен жекпе-жек өткізуі мүмкін еді, бірақ бұл кездесуден өзі бас тартқан.