Иран футболдан әлем чемпионаты финалдық кезеңіне шықты

Футболдан Иран құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионаты финалдық сатысына берілген алтыншы жолдамаға ие болды.
Олар Азия құрлығы бойынша іріктеу турнирінің сегізінші турында Өзбекстан құрамасымен кездесті. Екі құрама көш басында қатарлас тұр. Иран құрамасының еншісінде 19 ұпай болса, олардан өзбекстандық футболшылардың үш ұпайы кем еді.
Кездесу барысында өзбекстандық құрама алғашқы болып есеп ашты. Ойынның 19-минутында Хожимат Эркинов мергендік танытты.
Ирандық футболшылар бірінші кезеңде таразы басын теңестіруге ұмтылды. Алайда дегеніне жете алған жоқ.
Екінші кезеңде ирандық Мехди Тареми 52-минутта гол соқса, Аббосбек Файзуллаев 53-минутта қайтадан Өзбекстанды алға шығарды.
Ойынның 84-минутында Мехди Тареми тағы бір мәрте мергендігімен көзге түсті.
Енді өзбекстандық футболшылар екі ойын өткізеді. Алдымен 5 маусымда сырт алаңда Біріккен Араб Әмірлігімен кездессе, 10 маусымда өз алаңында Қатарды қабылдайды. Екі ойынның бірінде жеңіске жеткен жағдайда әлем чемпионаты финалдық кезеңіне тікелей жолдама алады.
Қазірге дейін әлем чемпионаты финалдық сатысына ұйымдастырушылар ретінде АҚШ, Мексика, Канада жолдама алса, іріктеу кезеңінде олардың қатарына Жапония мен Жаңа Зеландия қосылды.