Мексикалық клубтың президенті істі болып жатыр

Мексиканың ең танымал клубтарының бірі – «Крус Асуль» кезекті дауға ілікті. Клуб президенті Виктор Веласкесті жалған компаниядан қызмет алған деп айыптауда, деп хабарлайды Prosports.kz.
Жаңа жанжал «Крус Асульдің» соңынан қалмай келеді. Бұл жолы клубтың директорлар кеңесінің президенті Виктор Веласкес салықтық алаяқтық жасады деген күдікке ілінді. 30 қаңтарда елдің Салық әкімшілігі қызметіне осы мәселеге қатысты шағым түсіп, онда президент пен клубтың басқа да басшыларының жалған компаниямен 1 миллион доллар көлемінде келісім жасағаны айтылған.
Қазір тергеу жүргізіліп жатыр. Күдікке ілінген компания – Asesoría Jurídica y Fiscal Larme, SA de CV. Олар 2010 жылдың 1 қаңтарынан 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі аралықта салықтық тексеру қызметін көрсеттік деп, 23,1 миллион песоға шот-фактура ұсынған. Алайда бұл компания Мексиканың SAT деп аталатын салық қызметінің 69-B тізімінде тұр. Бұл тізімде жалған қызмет көрсетіп, заңсыз құжат рәсімдейтін ұйымдар тіркеледі.
Шағымнан кейін тергеу басталып, кінәлілер анықталса, оларға заң бойынша шара қолданылады.
Ең қызығы, бұл айып клубтың бұрынғы президенті Билли Альварес қамауға алынғаннан бірнеше апта өткен соң шықты. Ол үш жылдан астам уақыт бойы жасырынып жүріп, ақыры ұсталды. Альваресті клуб басшылығы кезінде қаржыны мақсатсыз жұмсады деп айыптаған болатын.