Қазақстан құрамасының ойыншысы шетелдік клубпен келісімшартқа отырды
Әзербайжанның «Сабах» футбол клубы қысқы трансферлік терезе аясында алғашқы ойыншысын қатарға қосты, деп хабарлайды Prosports.kz. Ол Қазақстан ұлттық құрамасының қақпашысы Стас Покатилов.
Дереккөздің мәліметінше, бұл қақпашы жалға алынған жоқ, себебі оның «Тобылмен» келісімшарты аяқталған. Покатиловпен толыққанды келісімшартқа қол қойылды, оның мерзімі бір жарым жылды құрайды.
30 жастағы Покатилов 2024 жылы «Тобыл» сапында өнер көрсетті. Бұған дейін ол «Ақтөбе» командасынан ауысып келген еді. Ол ҚПЛ-де 24 матч өткізіп, 23 гол жіберген. Ұлттық құрама сапында қақпашы 28 ойын өткізіп, 54 гол жіберген.
Transfermarkt мәліметі бойынша, қақпашының қазіргі бағасы 500 мың еуроны құрайды.
Айта кетейік, «Сабах» клубының бас жаттықтырушысы ресейлік Василий Березуцкий. Қазіргі таңда команда өз елінің Премьер-лигасында 10 команданың ішінде 5-орында тұр.