Бокстан Азия чемпионатында 10 қазақстандық финал жолдамасын сарапқа салады
Таиланд корольдігінің Чиангмай қаласында ерлер және әйелдер арасында бокстан өтіп жатқан Азия чемпионатында жексенбі күні жартылай финалда 10 қазақстандық спортшы рингке шығады, деп жазады Prosports.kz сайты kaz.inform-ға сілтеме жасап.
Қазақстан уақытымен сағат 12.00-де басталатын додада екінші жұпта Санжар Тәшкенбай өнер көрсетеді.
Әлем және Азия чемпионы С.Тәшкенбай 48 келіге дейінгі салмақта жапониялық Кадзума Аратакемен кездеседі.
Бұдан екі жыл Иордания астанасы Амман қаласында Санжар дәл осы боксшыны Азия чемпионатының финалында жеңген болатын.
Тағы бір әлем чемпионы Махмұд Сабырхан (54 кг) таилық Саравут Суктхетті сынап көреді.
Оразбек Асылқұлов (57кг) моңғолиялық Лундаа Гантумурмен жұдырықтасады.
Дулат Бекбауов (67 кг) тәжікстандық Шукрат Саломатовпен қолғап түйістіреді.
Абылайхан Жүсіпов (71 кг) тағы бір тәжікстандық Шохобжон Шукуровпен шеберлік байқасады.
Диас Молжігітовтің (75 кг) қарсыласы – биыл Азия біріншілігіне алғаш қатысып жатқан Украина өкілі Павел Илюша.
Ерасыл Жақпеков (80 кг) Өзбекстан өкілі Турабек Хабибуллаевпен бетпе-бет келеді.
Әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов (86 кг) тағы бір украиналық Даниил Жасанмен жүздеседі.
Ширек финалда өзбекстандық қандасымыз Мадияр Саидрахимовты жолдан тайдырған Сағындық Тоғамбай (92 кг) бұл жолы қытайлық Таймиао Людан айласын асыруды көздейді.
Тартысты жекпе-жектің бірі аса ауыр салмақта болғалы тұр. Ұлттық құрама капитаны Айбек Оралбай өзбекстандық, екі дүркін Олимпиада чемпионы Баходир Жалоловтың ізбасары делінетін Джахонгир Зокировпен кімнің мықты екендігін анықтайды.
Әйелдер арасында финалға Қазақстаннан бес боксшы жолдама алды.
Алтын үшін 10 желтоқсан күні қазақстандық қыздар мына спортшылармен таласады.
60 кг. Виктория Графеева — Цяньге Ли (Қытай),
63 кг. Аида Әбікеева — Линх Ха Тхи (Вьетнам),
70 кг. Наталья Богданова — Байсон Маникон (Таиланд),
81 кг. Гүлсая Ержан — Карине Айрапетян (Украина),
81+ кг. Елдана Талипова — Олтиной Сотимбоева (Өзбекстан).