русский язык

Туризм және спорт министрлігінің футбол клубтарындағы легионерлерді қысқартуға шамасы жетпей отыр

Қазақстан футбол федерациясы 1 командадағы легионерлер санын 8-ден 12-ге дейін арттырып жіберген. Ал оны қайта қысқартуға Туризм және спорт министрлігінің шамасы жетпей отыр.

Бүгін Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті өткізген іс-шарада депутат Қазыбек Иса футбол клубтарынындағы легионерлер мәселесін көтерді.

«2021 жылы 1 жылда футбол клубтарына 133 млрд теңге бөлінген екен. Оның 111 млрд теңгесі – облыстық бюджеттерден. Осы ақшаның бәрі легионерлерді байытуға жұмсалып жатыр. Өйткені, 2021 жылы премьер-лигада 371 футболшының 150-і легионер болған. Қоржынымызға медаль салатын бокс, күрес және ауыр атлетиканың үшеуі қосылып жұмсаған ақшадан футболға кеткен ақша үш есе көп. Оның 80 пайызы легионерлерге кетеді. 30 жылда салғанымыз жалғыз стадион. Ал футболға бөлінетін бюджеті бізден 2 есе аз Өзбекстан 10 стадион салған және еуропалық стандарттарға сай», - деген ол елімізде футболға бөлінетін қаржы көлеміне, легионерлер санына қатысты шектеу енгізілгенімен, оның сақталмайтынын айтты.

Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаевтың сөзіне қарағанда, өткен жылдың соңында Футбол федерациясы өз тарапынан легионерлерге қатысты бірқатар өзгеріс енгізген.

«Бұрын бір командада 8 легионер болса, қазір оның санын 12-ге дейін арттырды. Онымен Туризм және спорт министрлігі келіспеді. Біз өз тарапымыздан Футбол федерациясына бұлай жасамау керектігін айтып, бірнеше хат жіберген едік. Бүгінде олар қоғамдық бірлестік болғаннан кейін өздері бүкіл облыстың клубтарын жинап, дауысқа салып, бекітіп алды. Бірақ қазіргі уақытта біз Президент әкімшілігімен және Үкіметпен бірлесіп, бұл мәселені қарастырып жатырмыз», - деді вице-министр.

Түпнұсқасы: inform.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;