ҚФФ президенті әлем чемпионатын қабылдаудың пайдасын айтты

ҚФФ президенті әлем чемпионатын қабылдаудың пайдасын айтты
news-banner7
mobile-news-top

Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов өзінің Facebook парақшасында әлем чемпионатын Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанда өткізу идеясы туралы толығырақ айтты, деп хабарлайды Prosports.kz.

«Бірнеше күннен бері желіде, кейбір БАҚ парақшаларында, біздің әлем чемпионатын өткізуге деген ықыласымыз туралы мәселе қызу талқыланып жатыр. Осыған орай, мен осы мәселені анықтап кеткім келеді.
Орталық Азиядағы түркітілдес елдердің футбол қауымдастықтары басшыларының Ыстықкөлде өткен кездесуінде Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан футбол қауымдастықтарынан бірлескен жарыс өткізу мәселелерін қарастыру үшін жұмыс тобын құру туралы бастама көтердім. Олардың ішінде жасөспірімдер (U-17, U-19), жастар (U-20, U -21) халықаралық турнирлері, сондай-ақ әлем чемпионаты бар.
Жұмыс тобы — осындай жарыстарды ұйымдастыруды FIFA-ға ұсыну үшін бастаманың мақсаты мен мүддесін айқындайтын және ортақ талқылайтын құрал. Халықаралық институтқа өтініш беру үшін елдердің инфрақұрылымдық және қаржылық тұрақтылықтарын бағалайтын ауқымды жұмыс жүргізілу керек.
Мұндай сұрақтар үш елдің үкіметінің деңгейінде қарастырылатынын жақсы түсінеміз. Жарыстарды ұйымдастыруға өтініш беру туралы нақты шешімді барлық факторлар сараланғаннан кейін салалық мемлекеттік құрылымдар қабылдайды.
Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанның халықаралық турнирлерді бірлесіп өткізуі халық арасындағы достық пен спорттық байланысты нығайтуға, сондай-ақ әлем жұртшылығының назарын Орталық Азияның футболына бет бұруға мүмкіндік береді.
Осындай жаһандық іс-шаралар аясында біздің халықтардың өзара іс-қимылы әлеуметтік-мәдени тұрақтылық пен экономикалық өркендеуге негіз болатын бірегей мүмкіндік болмақ.
«Өсер елдің баласы арманшыл келеді...» дейді халық даналығы. Қазақстанның тез арада әлемдік деңгейдегі іс-шараларды өткізетін деңгейге жететінін қалаймын және осыған шын жүректен сенемін.
Әлем чемпионаттарының экономикалық бөлігіне қатысты ақпарат (анықтама үшін):
2014, 2018 және 2022 жылдардағы соңғы үш футболдан әлем чемпионатын өткізген елдердің шығыны $11,6 (Бразилия), $14,2 (Ресей) және $220 (Қатар) миллиард долларды құрады. Бұл ретте спорт нысандарының құрылысына жұмсалған шығындардың үлесі Бразилияда 30% (3,5), Ресейде 25% (3,5), Қатарда небәрі 4% (9) құрады. Шығындардың негізгі бөлігін инфрақұрылымға (әуежайлар, метро, порттар, жолдар және т.б.) тартылған инвестиция құрайды. Мысалы, Қатардағы жалпы бюджеттің төрттен бірі (50 миллиардқа жуық) жаңа Лусаил қаласының құрылысына жұмсалды.
Ресейдегі әлем чемпионатын ұйымдастыру комитетінің есебіне сәйкес, әлем чемпионатына дайындықтың алты жылдық кезеңінде елдің жалпы ішкі өніміне әсері 14 миллиард АҚШ долларынан асты (ең алдымен құрылыс және туризм индустриясының есебінен), туристер ағыны ЖІӨ-ге 3 млрд АҚШ доллары көлеміндегі үлесті қамтамасыз етті.
Бразилияда өткен әлем чемпионатын 1,35 миллион, Ресейде – 3 миллионға жуық, Қатарда – 1,4 миллион шетелдік турист тамашалаған.
Бейресми деректер бойынша әлем чемпионаты аясында Бразилияда 380 мың, Ресейде 315 мың, Қатарда 1,5 миллион жұмыс орны ашылған.
ФИФА мәліметі бойынша Қатарда өткен әлем чемпионатының аудиториясы (теледидар мен интернет) шамамен 5 миллиард адамды құрады. Барлық ақпараттық платформалардағы жалпы аудиторияны қамту 262 миллиардты құрады. Бұл да Чемпионаттың негізгі экономикалық бөлігі.
Футболдан 25-ші әлем чемпионатының финалдық кезеңі 2034 жылдың жазында ФИФА-ға мүше 48 елдің ұлттық құрамаларының қатысуымен өтеді.
Чемпионаттың өтетін орны 2026 немесе 2027 жылдары анықталады», - деді ҚФФ президенті.
Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер 0